Тоқаев көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа жаңадан құрылған Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігінің алдағы жоспарлары, жақында таратылған Қаржы мониторингі комитетінің 2020 жылы атқарған жұмыстарының қорытындылары туралы баяндалды.
Президентке Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топ шеңберінде Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (FATF) нормаларын іске асыруды өзара бағалаудың екінші кезеңін өткізуге дайындық барысы туралы ақпарат берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жанат Элимановқа көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты күшейтуді, бұл ретте бизнесін адал істеп отырған кәсіпкерлердің мүддесін қорғауды және олардың жұмысына жөнсіз араласуға жол бермеуді тапсырды.