Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Қатар мемлекеті Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тәниді қабылдады.
Кездесу барысында қазақ-қатар қатынастарының даму перспективалары талқыланды. Бұл ретте саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайтуға баса мән берілді.
Қазақстан Президенті өзара қызығушылық танытатын салалар бойынша екі ел арасындағы қарым-қатынастарды нығайту үшін зор мүмкіндік бар екенін айтты.
Сіздің бұл сапарыңыздың маңызы өте зор болады деп ойлаймын. Келешекте біз өзара ынтымақтастық бағытында үлкен нәтижелерге қол жеткізе алатынымызға сенімдімін. Қазақстан осындай жетістіктерге қол жеткізуге мүдделі, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Танимен жуырда телефон арқылы сөйлескен кезде қол жеткізілген уағдаластық туралы айтты. Атап айтқанда тараптар Қатар басшысының Қазақстанға жоспарланған сапарының қарсаңында бірнеше ірі инвестициялық жобаларды бірлесе әзірлеу жөнінде келісімге келген.
Өз кезегінде, Қатар Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Қатар Әмірінің Қазақстан Президентіне және халқына жолдаған сәлемі мен ізгі тілегін жеткізді.
Шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тани Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қатар Әмірінің экономика саласына баса мән бере отырып, Қазақстанмен арадағы ықпалдастықты одан әрі нығайту үшін берік негіз қалауға мүдделі екенін білдірді. Сондай-ақ коронавирус індетіне қарсы қазақстандық QazVac вакцинасының әзірленуіне байланысты Қатар басшысының құттықтауын жеткізіп, аталған мәселе бойынша кез келген көмек көрсетуге дайын екенін атап өтті.
Бұдан бөлек Қатардың сыртқы саяси ведомствосының басшысы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен өткізген келіссөз нәтижелері жөнінде, сондай-ақ, Қазақстан тарапынан инвестициялық жобаларды іске асыруға байланысты бірқатар ұсыныс түскені туралы мәлімет берді. Бұл ретте Қатардың Ұлттық әл-ауқат қоры мен ұлттық компаниялары аталған жобаларды зерттеу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп отырғанын атап өтті.