Тоқаев: Егемендік – әр халыққа бұйыра бермейтін баға жетпес бақыт
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
Баршаңызды еліміздің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – ұлттың рухын көтеретін, ұрпақтың мерейін өсіретін мәртебелі мейрам.Тәуелсіздік – мемлекеттігіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі. Тарихы бай, тамыры терең Қазақ елі үшін бұдан асқан қастерлі құндылық жоқ.Оны ең қымбат қазынаға, ең асыл аманатқа балаймыз. Сондықтан бабалар аңсаған Тәуелсіздіктің қадірін жан-жүрегімізбен сезінеміз, - деді Мемлекет басшысы.
Президент егемендік – әр халыққа бұйыра бермейтін баға жетпес бақыт екенін айтты.
Тәуелсіздік шежіресі Тұңғыш Президентіміз – Елбасының тарихи тұлғасымен тығыз байланысты. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – жаңа дәуірдегі Қазақстанның негізін қалаған ұлы қайраткер. Оның есімі жасампаздық жылнамасына Қазақ мемлекетінің авторы ретінде жазылды. Міне, егемен еліміздің өміріндегі тағы бір мерейлі белес жақындап келеді. Біз қастерлі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басамыз. Бұл – баршамызға ортақ өнегелі өлшем, тағылымды кезең. Жаңа мемлекет құруға атсалысқан бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің тарихи шежіресі. Сондықтан, мен келесі жылды «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деп жарияладым. Өткен әрбір он жылдық атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр, - деді ол.
Президенттің айтуынша, алғашқы он жылдық егемен Қазақстанның өз дербестігін қалыптастыру кезеңі болды.
Екінші он жылдықта еліміз тұғырын нықтап, керегесін кеңейтіп, іргесін бекітті. Үшінші он жылдықта мемлекетіміз шын мәнінде, кемеліне келіп, әлемдік саясаттың төріне озды. Алдағы төртінші он жылдықта бізді жаңа міндеттер күтіп тұр. Елімізді ілгері дамытып, әрбір азаматтың лайықты тұрмысын қамтамасыз етуіміз керек. Оны жүзеге асырудың басты жолы – тиімді басқару жүйесі. Мен Жолдауымда мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісіне баса мән бергенімді білесіздер. Осыған орай, көптеген нақты шара атқарылуда. Жалпы, жаңғырудың жан-жақты болғаны жөн. Бүкіл халқымыз заман ағымына ілесе білуге тиіс. Өзгерістерге бейімделе алатын жұрт қана уақыт тынысын дөп басады, - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы біз білімді әрі білікті, ұқыпты және жауапты, іскер де еңбекқор жұрт болуымыз қажет екенін айтты.
Бұл – Ұлы Абай айтқандай, «толық адамның» айқын көрінісі. Оған қоса, әркімнің жеке қасиеті мен мақсаты елдік мүддемен тығыз астасып, патриотизмге ұласуы керек. Сонда ғана мемлекетшілдік идеясы басты құндылыққа айналады. Егемендік дәуірінің тағы бір парағы ел шежіресіне еніп, тарих таспасына жазылды. Биыл Абай Құнанбайұлы және Әбу Насыр әл-Фарабидің мерейтойлары өтті. Біз халқымыз үшін маңызды бұл шараларды мазмұнды әрі мағыналы етіп ұйымдастыруға күш салдық. Тарихи тұлғалардан өнеге алуға, тағылымды ой толғауға мән бердік. Әл-Фараби заманынан бері тұтас дәуір, Абай қоғамынан бері ғасырдан астам уақыт өтті. Бірақ ұлыларымыздың асыл мұрасы күні бүгінге дейін өзекті. Дала данышпандары – әрдайым болашаққа бағыт сілтейтін айнымас темірқазығымыз. Ұлттың жаңа болмысы тұғырлы тұлғалардың өсиетінен, өнегесінен бастау алады, - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы атап өткендей, тағылымды тарих пен кемел келешекті ұштастыру – Рухани жаңғырудың басты шарты.
Сондай-ақ киелі Түркістанды түлету жолында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ұлытауда Жошы хан тарихи-мәдени кешенінің құрылысы басталды. Ұлыларды ұлықтап, тұлғаларды таныту – біздің бұлжымас салтымыз. Бұл мерейтойлардың мән-маңызы Тәуелсіздік құндылықтарымен астасып жатыр. Бәріміздің мақсатымыз – ортақ, міндетіміз – бір. Қасиетті Отанымыздың мерейі әрдайым үстем болсын! Баршаңызға толағай табыс тілеймін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы бола берсін, - деп түйіндеді Тоқаев.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Қостанай облысында карантин шектеулеріне өзгеріс енгізілді
Өзгелердің жаңалығы