Мемлекет басшысына биылғы 7 айдағы ақша-несие саясатын іске асырудың алдын ала қорытындылары туралы есеп берілді.
Ұлттық банк төрағасы Президентке коронавирустың жаңа толқынының таралуына байланысты Халықаралық валюта қорының әлемдік экономиканы қалпына келтіру қарқыны мен қаржы нарықтарын түзетуге қатысты болжамдарды қайта қарағаны жөнінде ақпарат берді.
Әңгімелесу барысында әлемдік экономиканы қалпына келтіруде инфляция мен инфляциялық болжамдар басты кедергі екені атап өтілді. Мемлекет басшысына еліміздегі инфляцияның жылдам өсу себебі (2021 жылғы шілдедегі қорытынды бойынша – 8,4%) және инфляцияны тұрақтандыру мақсатында Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемені (9,25%-ға дейін) көтеру туралы шешімі жөнінде мәлімет берілді.
Ерболат Досаев карантиндік шектеулер кезінде іскерлік белсенділікті біртіндеп қалпына келтіру, Ұлттық Банктің алтын-валюта қоры мен Ұлттық қордағы қаражаттың жағдайы, сондай-ақ, зейнетақы активтері өсімінің оң динамикасы туралы да баяндады.
Президентке төлем балансының ағымдағы шоты туралы айтылды. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, бірінші жартыжылдықта экономикалық белсенділіктің артуы мен тұтынушылық импорттың өсуі салдарынан 1,7 миллиард АҚШ доллары көлемінде тапшылық қалыптасқан.
Әңгімелесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордың активтерін сақтауға және арттыруға ерекше назар аударып, Үкіметпен бірлесіп инфляцияны тұрақтандыру бойынша тиімді шаралар қабылдауды тапсырды.