Тоқаев бірқатар мемлекеттің елшісінен сенім грамоталарын қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Ақорда резиденциясында үш мемлекеттің қайта тағайындалған төтенше және өкілетті елшілерінің Қазақстан Президентіне сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті.

Сенім грамоталарын Латвия Республикасының елшісі Ирина Мангуле, Түрікменстан елшісі Батыр Реджепов және Таиланд Корольдігінің елшісі Чатчаван Сакорнсин табыстады.


Қасым-Жомарт Тоқаев елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық миссияның ресми түрде басталуымен құттықтап, олардың мол тәжірибесі мен кәсіби біліктілігі достас халықтардың әртүрлі салалар бойынша жақындаса түсуіне ықпал етеді деп сенетінін жеткізді. Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігі мен Үкімет тарапынан елшілердің игілікті миссиясын орындауға толық қолдау әрі көмек көрсетілетінін айтты.


Қасым-Жомарт Тоқаев Ирина Мангулемен әңгімелесу барысында Қазақстан Латвия Республикасымен арадағы ежелден берік достыққа, терең тарихи байланыстарға және мүдделерге негізделген қарым-қатынастарды жоғары бағалайтынын атап өтті.  Мемлекет басшысы екі ел арасындағы екіжақты байланыстардың жылдам дамып келе жатқанын айтып, Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның жұмысына ерекше тоқталды.


Қазақстан Латвиямен көп жоспарлы ынтымақтастықты, атап айтқанда, көлік және логистика, энергетика, жаңартылатын энергия көздері, жаңа технологиялар салалары бойынша ықпалдастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Батыр Реджеповпен әңгімелесу кезінде Түрікменстан ықылым заманнан бері Қазақстанның тату көршісі әрі бауырлас ел екенін атап өтіп, Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде екі мемлекет те шынайы стратегиялық әріптестік қатынас орнатқанын айтты. Мемлекет басшысы «Каспий бестігі», Аралды құтқару жөніндегі халықаралық қор және Экономикалық ынтымақтастық ұйымы аясындағы бірлескен жұмыстардан зор үміт күтетінін жеткізді. Бұл ретте, Мемлекет басшысы Түрікменстан көшбасшысы Гурбангулы Бердімұхамедовтің Каспий саммитін Ашхабадта өткізу жөніндегі ұсынысын қолдайтынын айтты.


Біз барлық бағыттар бойынша екіжақты кооперацияны ұлғайтуға мүдделіміз. Күш-жігерімізді біріктіре отырып, жақын арада екіжақты сауда айналымын айтулы межеге дейін, яғни, 1 миллиард долларға жеткізуге мүмкіндігіміз бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Таиланд Корольдігімен екіжақты қатынастар жайында айта келіп, бұл елмен өзара ықпалдастық Қазақстанның Азия бағытындағы сыртқы саясатының ажырамас бөлігі екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты және көпжақты форматтағы, оның ішінде, Бірікке Ұлттар Ұйымы мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес шеңберіндегі байланыстардың табысты дамып келе жатқанына назар аударды.


Біз пандемиядан кейінгі кезеңде экономикалық және коммерциялық байланыстарымызды нығайту мақсатында Таиланд Корольдігінің Үкіметімен және тай компанияларымен ынтымақтастық жасасуға мүдделіміз, – деді Мемлекет басшысы.

Салтанатты рәсім соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Латвия Президенті Эгилс Левитске, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовке және Таиланд Королі Маха Вачиралонгкорнға жүрекжарды сәлемі мен игі тілегін жолдады.


Шетелдік елшілер Президентке өз елдері мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бар күш-жігерін жұмылдыратындарын айтты.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы