Тоғжанов желілік саябақтың жағдайын сынға алды
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Ә.Молдағұлова даңғылы бойындағы желілік саябақты жағдайын, онда абаттандыру жұмыстарымен айналысып жатқан мердігерлердің жұмысын сынға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өңір басшысы барлық кемшіліктерді жойып, жұмыстарды қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды.
Мәңгілік ел және Тәуелсіздік даңғылдарын жалғайтын саябақтағы жұмыстарды былтыр күз мезгілінде Q88 Қазақстан урбанистер қауымдастығы бастады.
Желілік саябақтың ұзындығы - 550 метр, ені - 50 метр. Жалпы ауданы үш гектарға жуық. Жаңарту жобасына сәйкес әр түрлі жастағы топтарға арналған шағын архитектуралық нысандар, жарықтандыру, мүсіндер, орындықтар, ойын және спорт алаңдарын орнату, серуендеуге арналған экотропты ұйымдастыру көзделген. Жобаның ең маңызды бөлігі – көгалдандыру. Алайда, аумақта отырғызылған ағаштар солып қалған. Жоба авторлары тиісті суарудың жоқтығын алға тартты.
Жасыл желектердің автоматты суару жүйесін «КМК Строй» ЖШС орнатқан. Ұйым өкілі Бекарыс Самырбаевтың айтуынша, жүйені монтаждау жұмыстары бүгінде аяқталды, бірақ өткен жексенбіде жарық беру жағынан мәселелер туындаған. Кабельдің болжамды зақымдану орнын анықтау үшін жылжымалы электротехникалық зертхана көмегі қажет. Мердігер бір аптадан аз уақыт ішінде қателіктерін жоюға уәде берді.
Оны мердігерлер өз есебінен жояды.
Өңір басшысы қала әкімдігіне міндеттемелерді жосықсыз орындаған қызмет көрсетушілерді жауапкершілікке тарта отырып, жұмыстардың барысы мен сапасын бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті.