Тоғжанов саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша құрылған мемкомиссияның міндеттерін атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов ОКҚ-дегі онлайн брифингте саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысы туралы айтып берді.

Өткен тарихымыздың жақсы жақтары да, ақтаңдақ тұстары да аз емес. Сол себепті Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында қоғамды көптен толғандырған сұрақтардың бірі – тарихтың ақтаңдақ тұстарын айқындап, жазықсыз сотталған саяси қуғын-сүргін құрбандарын анықтап, оларды ақтау. Бұл - бүгінгі күні еліміздің, халқымыздың алдында тұрған үлкен міндеті, - деп атап өтті ол.

Тоғжанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылғанына тоқталды.

Мемлекеттік комиссия елімізге белгілі тарихшы, ғалымдардың, қоғам қайраткерлерінің, парламент депутаттары мен мемлекеттік органдарының 49 өкілінен құралған.

Мемлекеттік комиссияның алдында бірнеше нақты міндеттер бар. 

Біріншіден, саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру бойынша сұрақтар. Екіншіден, жазықсыз сотталған және саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды ақтау процестерін ғылыми зерделеу. Сонымен қатар жабық мұрағаттардағы саяси қуғын-сүргін жөніндегі материалдардың зерттеушілерге қолжетімді болуын қамтамасыз ету, - дейді Премьер-министрдің орынбасары.

Сондай-ақ еліміздің азаттығы, тәуелсіздігі мен тұтастығы үшін күресте ерлік көрсеткен саяси қуғын-сүргін құрбандарын мәңгі есте қалдыру бойынша ұсыныстар әзірлеу мәндеттері қойылды.

Комиссияға мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев жетекшілік етеді.

Жарлыққа сәйкес мемлекеттік комиссияның жұмыс органы ретінде Білім және ғылым министрлігі бекітілген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы