Тоғжанов қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтық қалай шешілетінін айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатта өткен парламенттік тыңдауда Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтық қалай шешілетінін айтты.
Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығы мәселесі бар екені де белгілі. Бұл мәселені қоғам да, сенаторлар да көтеріп жүр. Осы алшақтықты жою үшін мектептерді модернизациялау жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, бұл ауыл мектептерін білім сапасына тікелей ықпал ететін – пәндік кабинеттермен, кітапханалармен, интернетпен және мектеп жиһазымен жабдықтауға бағытталған, - деп айтты Үкімет мүшесі.
Айтуынша, бұл жобамен өткен жылдан бүгінгі күнге дейін 2 мыңнан аса мектеп қамтылып отыр. Ал 2025 жылға қарай 5000 мектеп қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар мектептегі білімнің деңгейі ұстаздардың біліктілігімен де байланысты. Сол себепті Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес үздік педагогтерді өңірлерге тартуға арналған арнайы бағдарлама әзірленді. Бағдарлама бойынша білім сапасында алшақтық бар өңірлерге баратын, іріктеуден өткен педагогтерге үстемақы төленеді.
Айта кетейік, жыл сайын 2 мыңға жуық педагогке 150% көлемінде үстемақы төлеу үшін бюджеттен биыл 4 млрд теңге бөлу көзделген. Жалпы 5 жылға 61 млрд теңге қарастырылған.