Тоғжанов ғылымды дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов ғылымды дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Кеңеске Президент әкімшілігінің, салалық мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және ғылыми қоғамдастықтың өкілдері қатысты.
Бұл туралы Премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.
Вице-премьер ғылымның өндіріспен өзара байланысының маңызды рөлін, халықтың еңбек табысын өсірудегі ғылымның үлкен әлеуетін атап өтті. Халықтың табысын арттыру бағдарламасының жобасында 1700 жаңа жұмыс орнын құра отырып, ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті коммерцияландырудың 200-ге жуық жобасын іске асыру көзделген. Е. Тоғжанов халықтың еңбек табысын арттыруға ғылымның үлесін күшейту жөніндегі шараларды қосымша пысықтауды тапсырды.
Кеңесте ғалымдарды қолдау, ғылыми инфрақұрылымды жаңғырту, ғылым, өндіріс пен бизнестің өзара іс-қимылын кеңейту жөніндегі нақты шараларды қамтитын ғылымды дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы талқыланды.
Сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігі техникалық ғылымдарды, инжиниринг пен технологияларды дамытуға баса назар аудара отырып, 951 перспективалы ғылыми әзірлемелердің тізімін таныстырды.
Бұдан басқа, салалық мемлекеттік органдар жанынан ғылыми-техникалық кеңестер құру арқылы жер қойнауын пайдаланушылардың ҒЗТКЖ-ға аударымдарын бөлу тетігі қаралды.
Кеңеске қатысушылардың ұсыныстарын тыңдаған Премьер-Министрдің орынбасары зерттеулердің өндірістік ғылымға әсерін күшейту, халықаралық технологиялық компанияларда қызмет ететін жетекші ғалым отандастарды тарту, тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелердің үлесін арттыру, экономика мен әлеуметтік саланың нақты міндеттерін шешу үшін ғылыми институттардың, кәсіпорындардың зертханалық жабдықтарды бірлесіп пайдалануы бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.