Тоғжанов Екібастұз қаласына барды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Вице-премьер Ералы Тоғжанов бастаған үкіметтік делегация жұмыс сапарымен Павлодар облысының Екібастұз қаласына барды. 

Бұл туралы Covid-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК хабарлады.

Бүгін Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Павлодар облысына келді. Екібастұз қаласында өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдау мәселелері бойынша жедел кеңес өткізді, сондай-ақ өңіраралық кәсіптік орталықта болды. 

Кеңесте халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына медициналық көмек көрсету мен оларды әлеуметтік қорғау жүйесіндегі проблемалар мен шешу жолдары талқыланды. 

Сондай-ақ, қоғамнан ұзақ уақыт бойы оқшауда өмір сүрген төрт баланың резонансты жағдайы қаралды. Қиын жағдайға тап болған отбасы Екібастұз пәтерлерінің бірінен табылды. Қазір оларға жан-жақты қолдау көрсетілуде, ал құзыретті органдар тарапынан көмекке мұқтаж балалар мен ата-анасының жергілікті атқарушы органдар назарынан тыс қалып қоюының себебін анықтау үшін тергеу жүргізілуде. 

Балаларды әлеуметтік қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып табылады. Бүгінгі таңда елімізде 6,3 миллион бала бар, бұл Қазақстан халқының 32%-ын құрайды. Біз әр баланың өміріне жауаптымыз,-деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Кеңес барысында вице-премьер орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдеріне бір ай мерзімде әлеуметтік және медициналық көмекке мұқтаж отбасыларды анықтауға кірісуді, балалардың тұрғылықты жері бойынша емханаға тіркелуін қадағалау мүмкіндігімен олардың қозғалысын есепке алудың электрондық картасын енгізуді және өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға қолдау көрсету мәселелері бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритмін бекітуді тапсырды. 

Сондай-ақ, Премьер-министрдің орынбасары халықаралық стандарттарды ескере отырып, отын-энергетика саласы үшін кадрлар даярлау және қайта даярлау орталығын құру жөніндегі өңірдің жоспарларымен, "Жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы" пилоттық жобасының іске асырылуымен танысты.

Өңір әкімі А.Сқақов аймақтағы колледждер (оның ішінде ауылдық) базасында жастарды (оның ішінде NEET) қайта даярлау, оқыту және жұмысқа орналастыруды "бір терезе" қағидаты бойынша шаралар кешенін жүзеге асыратын жастарды қолдау орталықтарын ашу арқылы мемлекеттік жастар саясатын іске асырудағы жаңа тәсілдерімен бөлісті. Фронт-офис жанынан "Атамекен" ҰКП өңірлік өкілдігімен тұрақты негізде кәсіп ашу және жастардың startup жобаларын іске асыру бойынша консультациялар өткізілетін болады. 

Ералы Тоғжанов жастарды оқыту мен жұмыспен қамту мәселелерінің ерекше маңыздылығын атап өтіп, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға осындай жобаны барлық өңірлерде дамытуды тапсырды. 

Жұмыс сапары барысында Үкіметтік делегация қосымша білім беру ұйымдары - Естай атындағы музыка мектебі мен "Қайнар" білім беру және бос уақытты қамту кешеніне барды. 

Әртүрлі үйірмелер мен секцияларға қатысатын балалардың ата-аналарымен кездесу барысында қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырысты енгізу арқылы балалардың таланттары мен қабілеттерін дамыту үшін мүмкіндіктердің айтарлықтай кеңейтілгендігі атап өтілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы