Тоғжанов биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңес өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен мемлекеттік органдардың басшылары мен еліміздің жетекші ғалымдарының қатысуымен биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңес отырысы өтті. 

Кеңесте еліміздің биоқауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттер талқыланды. 

Сондай-ақ «Назарбаев Университеті» ДББҰ, «Инфекцияға қарсы препараттар ғылыми орталығы» АҚ, «Фитохимия» холдингі, «Д. В. Сокольский атындағы отын, катализ және электрохимия институты» АҚ, «Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС және т. б. орталықтар жүргізіп жатқан COVID-19-ға қарсы отандық дәрілік заттарды әзірлеу мәселесі талқыланды.

Кеңес отырысының қорытындысы бойынша Е. Тоғжанов бірқатар тапсырма берді: 

- эпидемиологиялық сын-тегеуріндерге қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметтің тиімділігін күшейту жөнінде ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобын құру; 

- ғылыми-зерттеу және инновациялық жұмыстарды іске асыру жөніндегі кешенді жоспар әзірлеу; 

- эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және инфекциялық ауруларға қарсы дәрілік препараттардың жаңа түрлерін әзірлеуге бағытталған ғылыми және инновациялық жобаларды нысаналы қаржыландыруды қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар енгізу; 

- биологиялық қауіпсіздік саласындағы отандық ғылыми институттардың ғылыми-кадрлық, материалдық-техникалық әлеуетін дамыту жөніндегі нақты ұсыныстарды талдау және енгізу.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы