Тоғжанов «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты

Ералы Тоғжанов Темір ауданында «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Темір ауданына жұмыс сапары аясында Ералы Тоғжанов «Ауыл аманаты» жобасы бойынша аймақта іске асырылып жатқан жұмыстармен танысты.

Жалпы, 297 млн теңгеге жоспарланған 62 жобаның 42-сі мақұлданды. Олар, аудан тұрғындары 4 жылыжай ашып, құс және өсімдік шаруашылығын дамыту бойынша 29 жобаны, ет, сүт өңдеуге қатысты 6 жобаны жүзеге асыруға ниетті.

Жақсыбай ауылдық округінің Шұбарқұдық ауылында өңір басшысы ауданы 50 шаршы метр болатын жылыжайдың тынысымен танысты.

Мұнда жергілікті кәсіпкер Максим Чирков көшет, аскөк, ақжелкен секілді өсімдіктер отырғызып мол өнім алуда. Кәсіп иесі «Ауыл аманаты» аясында 7 млн теңге жеңілдетілген несие алуға өтінім берген. Қаражат, шаруасын одан әрі дөңгелету үшін, атап айтқанда, ауданы 400 шаршы метр жылыжай салу үшін қажет. Ауданда тауарлық несиелеу үлкен сұранысқа ие. Бұған дейін шаруа қожалықтары темірлік отбасыларға 230-дан астам ірі қара мен ұсақ мал берген.

Бүгінде Шұбарқұдық ауылының тағы төрт отбасы тауарлық несиелеу шарттарымен 80 бас ұсақ мал алып қуанышқа кенелді. Шұбарқұдық ауылында облыс басшысы бұрынғы теміржолшы Жәнібек Елтезеровтің үшінші жыл қатарынан картоп, қияр және қарбыз өсіретін егіс алаңдарын аралады. Биыл, 20 гектар жерден өнім алуға ниетті. Әңгіме барысында Жәнібек Елтезеров «Ауыл аманаты» жобасын біздің өңірде енгізгені үшін үшін облыс әкіміне алғысын білдірді. Аталған жоба ауыл тұрғындарына өз ісін бастауға үлкен мүмкіндік деп санайды. Оның өзі жоба арқылы жыл бойы көкөніс өсіруге ынталы.

Менің жұмысым - маусымдық. Жыл бойы жұмыс істеу үшін кем дегенде 400 шаршы метр жылыжай қажет. Оған шамамен 14 миллион теңге қажет. Бұл қаражатты «Ауыл аманаты» бойынша аламын деп үміттеніп отырмын, - деп кәсіпкер жоспарларымен бөлісті.

Сонымен қатар, өңір басшысына өнімді сатуға жәрдемдесу туралы өтінішін жеткізді.

Ералы Тоғжанов «Табыс» коммуналдық базарында оған өтеусіз негізде сауда орны берілетініне сендірді.

Азаматтардың бизнес бастамаларын қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардың арқасында бүгінде ауданда көптеген ШОБ субъектілері, оның ішінде сәндік-қолданбалы өнер цехы табысты жұмыс істеуде. Қолөнер шебері Нұрлан Жақыбаев цехты дамытуға «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы арқылы ие болған 5 млн теңге грант қаражатын жұмсаған. Облыс әкімі өндіріс технологиясымен танысты.

Екі оқушымен бірге қамшы мен торсық жасаймыз. Бір өнім екі аптаға дейін уақыт алады. Сұраныс өте үлкен. Біз негізінен алдын ала тапсырыс бойынша жұмыс істейміз. Халықаралық көрмелерге жиі шақырады. Біздің ұлттық өнеріміз бүкіл әлемде жоғары бағаланады, - деді Нұрлан Жақыбаев.

Өңір басшысы шеберге ұлттық мәдени мұраны сақтағаны және насихаттағаны үшін алғысын білдіріп, еңбекте табыс тіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы