Тоғжанов «Ақтөбе-Қарабұтақ» автожолындағы жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізуді тапсырды
Ералы Тоғжанов «Ақтөбе-Қарабұтақ» автожолындағы жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізуді тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Хромтау ауданына жұмыс сапары барысында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов «РФ шекарасы (Самараға) – Шымкент» республикалық маңызы бар жолдың «Ақтөбе – Қарабұтақ» учаскесіндегі жөндеу жұмыстарының барысын бағамдады.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ АФ басшысы Айбол Данағұл шұңқырларды жөндеу жұмыстарын 15 000 м² жол төсеміне жүргізу жоспарланып, оның 3 700 м²-ге аяқталғанын айтты. Содан кейін 64 638 м² жол тегістеліп, сондай-ақ 96 800 м² ағымдағы жөндеу басталады.
Басты міндетіміз – көлік құралдарының үздіксіз және қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету. Сондықтан барлық жұмыстар қысқа мерзімде және сапалы жүргізілуі керек. Бұл жұмыс өңірде іске асырылатын ұзындығы 262 шақырымды құрайтын «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» учаскесін реконструкциялау жөніндегі ірі жол жобасы аясында жүргізілуде, - деп атап өтті облыс әкімі.
Айта кетейік, өңір басшысының тапсырмасы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. 2004 жылы пайдалануға берілген сәттен бастап бұл жолда ешқандай күрделі жөндеу жүргізілмеген.
Сонымен қатар, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі салынғаннан кейін көлік ағынының қарқындылығы бірнеше есе өскен: мұнда тәулігіне 10 мыңға жуық автокөлік, оның ішінде 3000 жүк көлігі өтеді. Қазіргі уақытта жолдың жағдайы жүргізушілердің наразылығын тудыруда. Қайта жаңартудан кейін ІІІ техникалық санаттағы жол І санатқа ауысып, 4 жолақты болады.