Тоғжанов 9 мамыр мерекесінің атауы мен мазмұнын өзгерту туралы пікір білдірді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов 31 мамырға қарай саяси қуғын-сүргін қүрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның жұмысына қорытынды берілетінін айтты.
Ералы Тоғжановтың айтуынша, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі республикалық комиссиясының бірнеше отырысы өткізілді.
Қазірдің өзінде белгілі бір қорытындысы жасалып, оқулықтар басып шығарылды. Жуықта Мемлекет хатшысының төрағалығымен де отырыс өткенін білесіздер. 31 мамырға қарай міндетті түрде жұмыстардың қорытындысы шығарылады, - деді ол Үкімет кулуарында.
Сонымен қатар Үкімет басшысының орынбасары 9 мамыр мерекесінің атауы мен мазмұнын өзгерту туралы ұсыныстарға қатысты пікір білдірді.
9 майды жеңіс күні емес, аза тұту күні етіп атап өту туралы мәселе бұрыннан көтеріліп келе жатыр. Бұл мәселе бойынша әркімнің өз ойы бар. Шын мәнінде бұл жеңіс күні, әрі еске алу күні. Менің ойымша, оларды бір-бірінен бөліп қараудың қажеті жоқ . Ондай мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ десе де болатын шығар. Жеңіс күнін жерімізді қорғап қалған аталарымыз бен әкелерімізді еске алып жатсақ, мұның еш зияны жоқ деп ойлаймын. Менің жеке ұстанымым осындай, - деді Ералы Тоғжанов.