Тоғызқұмалақты меңгеру қай жаста болсын кеш емес – зейнеткер

Астаналық зейнеткер Сәуле Баймағанбетова қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақты дәріптеп жүр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сәуле Қаржасқызы – ардагер журналист. Ол қазіргі таңда Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында волонтер болып, тоғызқұмалаққа қызығушылық білдірген зейнеткерлердің басын қосуды көздейді.

Тоғызқұмалақ – ежелден келе жатқан интеллектуалды ойындардың бірі. Әлемде тоғызқұмалақты «Дала шахматы», «Шопандардың алгебрасы» деп те атайды. Бұл ойынның егде жастағы адамдардың денсаулығы үшін пайдасы зор. Адамның есте сақтау қабілетін жақсартады, әсіресе, кәрілікте кездесетін «Альцгеймер» ауруына да тежеу бола алады. Екіншіден, егерде егде жастағы адамдар инсульттан немесе инфарктан зардап шеккен болса, онда саусақ моторикасын дамытуға да пайдалы. Ойын барысында сіз шабуылдауды, қорғауды, күшіңізге қарай қимылдарыңызды және жаудың әрекеттерін есептеуді үйренесіз. Тактика, стратегия, шыдамдылық, өзін-өзі бақылау, тақтадағы жағдайды тез бағалай білу - осының бәрі өмірде көмектеседі, - дейді зейнеткер.

Кейіпкеріміз осыған дейін 400-ден аса қарияның басын қосқан. Тіпті тоғызқұмалақтан үйірме жұмыстарын жүргізіп келеді.

Қазіргі уақытта маған үйірмеге 50-60 зейнеткер тұрақты түрде келеді. Зейнеткерлер маған бірінші сабаққа келгенде мен оларға: мен саған ойнауды үйретемін, ал сен кем дегенде 10 адамға ойнауды үйрету керексің деймін. Көпшілігі бұл «жоспарды» орындап, тіпті асыра орындап, жаңадан бастағандарға да, туыстарына тоғызқұмалақ тақтасын сыйлап, ойнауды үйреткен,- дейді Сәуле апай.

Зейнеткер тоғызқұмалақты меңгеріп кету, қай жаста болсын кеш еместігін алға тартады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан
Өзгелердің жаңалығы