Тоғыз айда мембюджетке 6,1 трлн теңге кіріс түсті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында өткен 9 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің атқарылу көрсеткіштері туралы есеп берді.
Тоғыз айдың ішінде мемлекеттік бюджетке 6,1 трлн теңге сомасында кірістер түсіп, жоспар 95,5%-ға орындалды. Республикалық бюджетке кірістер 3 трлн 853 млрд теңге сомасында түсті. Кірістер бойынша жоспардың атқарылмауы 638 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 791 млрд теңге салық бар. Бұл ретте салықтық емес түсімдер 154 млрд теңгеге артығымен орындалды. Негізгі атқарылмау сомалары қосылған құн мен корпоративтік табыс салықтарына тиесілі, - дейді Ерұлан Жамаубаев.Оның айтуынша, корпоративтік табыс салығының атқарылмауына біраз фактор әсер еткен:
- негізгі экспорттық позициялар бойынша бағаның орта есеппен 13,3%-ға құлдырауы;
- биылғы 1-жартыжылдығында жылдың басымен салыстырғанда әрекетсіз салық төлеушілер санының 10,6 мыңға, оның ішінде заңды тұлғалар санының 5,5 мың салық төлеушіге ұлғаюы;
- 850 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының өткен жылдың 9 айымен салыстырғанда 243,5 млрд теңгеге төмендеуі;
- Екінші деңгейдегі банктерден түсетін түсімдердің 10,2 млрд теңгеге азаюы.
Ал қосылған құн салығы бойынша жоспардың негізгі атқарылмау себептері:
- былтырғы ұқсас кезеңімен салыстырғанда қосылған құн салығын қайтарудың 59,8%-ға немесе 201,3 млрд теңгеге өсуі;
- «Электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйе деректеріне сәйкес сату бойынша айналымдардың 10,7%-ға азаюы.
Негізгі төмендеу тау-кен саласына тиесілі, онда айналымдар 2019 жылдың 9 айымен салыстырғанда 32,6%-ға немесе 4,3 трлн теңгеге азайған;
- карантин режимінің енгізілуіне байланысты шамамен 11 мың салық төлеушінің іскерлік белсенділігі құлдырады, олардан түсімдер 486 млрд теңгеге азайған.