Тобылда өрт-құтқару спорты бойынша чемпионат басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 14 шілдесінде Қостанай облысы Тобыл қаласындағы «Затоболец» стадионында ерлер мен әйелдер арасында өрт-құтқару спорты бойынша Қазақстан Республикасы чемпионатының ресми ашылу салтанаты өтті.

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы азаматтық қорғау полковнигі Нұрболат Дербісов жиналғандарға құттықтау сөз сөйледі. Салтанатты шараға қатысушылар спортшыларға сәттілік пен жоғары спорттық нәтижелер тіледі.


Еліміздің 18 өңірінен және ҚР ТЖМ Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясынан келген 28 команда ерлер арасындағы өрт-құтқару спорты бойынша Қазақстан Республикасының XXVII чемпионатына және әйелдер арасындағы өрт-құтқару спорты бойынша Қазақстан Республикасының VII чемпионатына қатысады.


Бүгін 251 қатысушы өз күштерін, ептіліктерін және төзімділіктерін, команданың ауызбіршілігі мен біріне-бірі көмек беру шеберліктерін көрсетеді. Себебі, бұл қасиеттер құтқарушыларға күнделікті кәсіби қызметінде қажет.


Командалар жаттығу мұнарасының екінші (әйелдер) және төртінші қабаттарының (ерлер) терезесіне шабуыл сатысы арқылы көтерілу, сондай-ақ кедергілері бар 100 метрлік жолақты еңсеру, 4х100 м өрт эстафетасы және жауынгерлік қанат жаю сияқты күрделі сынақтардан өтуі керек.


Чемпионат барысында әйелдер мен ерлер арасында жартылай финалдық және финалдық жарыстар өткізіліп, жеңімпаздар марапатталды.


Чемпионаттың алғашқы күнінің қорытындысы бойынша әйелдер арасында жеке жаттығуда «Оқу мұнарасының екінші қабатының терезесінен шабуыл сатасы арқылы көтерілу» спорт түрінен:

8,93 баллмен Назерке Өмірғалиева (Түркістан облысы) үшінші орынды;

7,87 баллмен Любовь Печатнова (Нұр-Сұлтан қаласы) екінші орынды;

7.81 баллмен Айдана Тұрсын (Түркістан облысы) бірінші орынды иеленді.

Ерлер арасындағы жеке сайыста:

14,68 есебімен Вахиджан Казакбаев (Шымкент) үшінші орынды;

14.11 есебімен Николай Буторин (Атырау облысы) екінші орынды;

14.01 есебімен - Мағау Нұрәлі (Атырау облысы) бірінші орынды жеңіп алды.

 Алда спорттық құмарлық пен ымырасыз күреске толы үш күндік жарыс күндері бар.

 



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы