«Тобыл» «Ференцварошқа» қарсы ойында тең түсті

Қостанай, BAQ.KZ тілшісі. Қостанайлық «Тобыл» өз алаңында Венгриялық «Ференцварош» командасын қабылдап, 0:0 есебімен тарқасты.

Атап айтсақ, Бұл қостанайлық клубтың  өз тарихында осымен екінші рет УЕФА Чемпиондар лигасында өнер көрсетуі болатын. Венгрлық ойыншыларға қарсы тұрған Тобылдың бұл жолғы ойыны көптеген қауіпті сәттерімен және жанкүйерлердің қызу қолдауымен есте қалмақ.

Осы ойынды тағатсыздана күткен қостанайлықтар кештетіп «Орталық стадионды» лық толтырды. Ал қолдарын мезгілінен кеш сермеп, осынау ерекше футбол бәсекесіне билеттер сатып ала алмағандар ойынды спорт аренасы саңылауынан сығалауына тура келді.

«Ференцварош» жеребе бойынша қостанайлықтардың еншісіне қолайсыз командалардың бірі болып отыр. «Тобыл» бұл ойында  барлаушының әрекетін көбірек еске салғандай болды.

Бұл күнде Ресей құрамасының атақты бұрынғы жаттықтырушысы Станислав Черчесов жетекшілік ететін венгриялық клуб ойында қарсыласқа қатаңдықпен сес көрсететін байқап жүрміз. Оның сыртында команда құрамандағы ойыншылардың бойының түгелдей 180 сантиметрден асатының да да өзіндік бір сыры бар. Жалпы алаңдағы ойын көрсеткендей Венгрлердің ойын схемасы 4-3-3, бұл Ференцвароштың шабуылға баса назар аударғанын көрсетеді.

Өз кезегінде Милан Милановичтің матч алдындағы баспасөз мәслихатында айтқанындай, ойын ашық жоғары жылдамдықта өтті.

Ойынның алғашқы минуттарынан бастап командалар әр түрлі позициядан қақпаға қауіпті сәттер туғызды. Бірақ, қақпа торы сол қалпы бос қалды.

Кездесудің алғашқы минуттары шабуылдардың көптігіне қарамастан, екі жақта екпінді соққылармен есте қалған жоқ. «Тобыл» жанкүйерлерін қуантқан нағыз қауіпті сәтті 14-минутта Тағыберген мен Тосич ұйымдастырды. Соңғысы жақын жерден соққы жасады, бірақ қонақтардың қақпашысы соққыны дер кезінде қайтарып үлгерді.

Ал өз кезегінде «Ференцварош» ойынның 19-минутында шабуылға шықты. «Тобылдың» алаңына жедел кіріп келген Мадьярлардың, тегеуірінді соққыларына санаулы секундтарда Мокин сауатты жауап қайтарып, «Тобылды» құтқарып қалды.

Көп ұзамай «Тобылдың» жартылай қорғаушысы Рубеннің жеке дара сытылып шығып шірене тепкен добы венгрлердің зәре-құтын қашырды. Өкінішке қарай доп қақпадан сәл биік кетті.

Айта кету керек, екінші таймда «Тобыл» допқа көбірек ие болды, орталықта қысқа пастармен немесе алаң шетінен өткір пастармен, көбінесе Каиров пен Бриджидо арқылы әрекет етуді жөн көрді. Қостанайлық команданың қорғанысы да жақсы жұмыс істеді. Айтпақшы, осы арада «Ференцвароштың» бойы ұзын ойыншыларына маневрлі қожайындарға қарағанда жылдамдық жетіспегені анық байқалды.

Ойынның жарқын эпизодтарының бірін тағы да «Тобылдың» капитаны Асхат Тағыберген жасады. 56-минутта өз стилімен айып алаңының сыртынан соққы бағыттады, қонақтардың қақпашысы ұшып бара жатқан допты әрең қайтарды.

Командалардың барлық күш-жігеріне қарамастан, қарсыластар есепті қақпадан саңылау таба алмады. «Тобыл» өз алаңында  тамаша ойын көрсетті. Милан Милановичтің шәкірттері допты көбірек иеленді, ойын барысын жақсы бақылап, қақпаға көбірек соққы жасады. Алайда нәтиже – 0:0 болып аяқталды

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы