Төбесі ойылып түссе, қайтесіз? – Депутат ауылды дамыту жобасына мәдениетті енгізуді талап етті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса да «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын сынға алды. Ол бағдарламаны жүзеге асыратын органдар тізімінде не себепті Мәдениет министрлігінің жоқтығын сұрады.
Елімізде 6 293 ауылдың 3 500-і ғана тірек және спутниктік ауылға тірген. Ал қалған «3000-дай ауылдың жағдайы қалай болады?» деген сұрақ бізді де мазалайды. Ұлттық экономика министрі оларға да қаржы бөлеміз деп құрғақ уәдемен жауап берді. Оны уақыт көрсетер, - деді депутат.
Қазыбек Иса ауыл ең алдымен мәдениеттен басталатынын еске салды. Сөзінше, біздің елдегі 6 293 ауылдың 3 738-інде, яғни 59%-ында ғана мәдениет нысаны бар. Ал қалған ауылдарда мұндай нысандар жоқ.
Бұл нені білдіреді? Мысалы, осы жерге (Мәжілістің Үкімет сағатына – ред.) шақырылғандардың тізімінде Мәдениет министрлігі жоқ. Сонда «Ауыл – ел бесігі» жобасынан мәдениетті сызып тастағансыздар ма? Жобаны қарап, не себепті Мәдениет министрлігінің жоқ екенін түсіндім. Өйткені мұнда стандарттау жүйесінде ауылда да, ауыл округінің орталығында да, ауданда да мәдениет нысаны жоқ, - деп айтты ол.
Мәжілісмен мәдениет нысаны бар 59% ауылдың өзінде олардың жағдайы оңып тұрған жоқ екенін айтады.
Мысалы, Түркістан облысы Шардара ауданы Қызылқұм ауылындағы Мәдениет үйінің төбесі ойылып кеткен. Құлайын деп тұр, едені де ойылып кеткен. Жаңа әріптесім ауылға кездесуге барғанда Мәдениет үйі барын айтып жатыр. Ол халықпен кездесу кезінде Мәдениет үйінің төбесі ойылып түсіп кетсе қайтесіз? 2-3 жыл бұрын оған техникалық негіздеме жасалып қойған, - дейді Қазыбек Иса Мәжілісте.
Депутаттың айтуынша, тіпті 1 740 ауылда білім беру нысаны жоқ.
Мәдениетсіз ауыл болмайды. «Ауыл – ел бесігі» жобасына мәдениетті енгізіңіздер. Түркістан облысы Шардара ауданы Қызылқұм ауылындағы Мәдениет үйін және басқа да осындай жағдайда тұрған нысандарды жөндеуден өткізуді ұсынамын, - деп сөзін қорытындылады депутат.