Тоқаевтың бағдарламасы бейбітшілік пен келісімді сақтауға бағытталған – Божко
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін президент қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаевтың миссиясы елді гүлдендіруге, әр азаматтың өмір сапасын арттыруға және келісім мен бейбітшілікті сақтауға бағытталады. Бұл туралы президентті ұлықтау рәсімінен кейін кулуарда Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко мәлімдеді.
«Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінен алғашқы әсерім – ұстамдылық пен бағдарламасында айтқан барлық хабарламаның теңдестірілгені. Бірақ осыған дейін жарияланған бағдарлама бейбітшілік пен келісімді сақтауға, елді гүлдендіру мен әр азаматтың өмір сапасын жақсартуға бағытталды. Қоғамның барлық әлеуметтік тобымен диалог орнатуды көздеді. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев айтып өтті. Ең бастысы Елбасы өте дұрыс таңдау жасады. Ол заң негізінде Конституцияға сүйене отырып, алдымен билікті тапсырды, содан кейін халық тұңғыш президенттің таңдауын қолдады. Нәтижесін қараңыздаршы. Халқымыз ең бастысы тыныштық, келісім мен тұрақтылық екенін түсінеді. Осылар болғанда ғана экономиканы, ғылымды, медицина мен білімді дамытуға болады. Сонда ғана біз гүлденеміз. Елімізде тұрақтылық әрі қарай жалғасатынына толықтай сенемін. Әр адамның мүддесі есепке алынып, жыл сайын қазақстандықтар өмір сапасының жақсарғанын сезінетін болады», - деді Божко.
Мәжілістің вице-спикері қоғам мен билік арасындағы диалогқа ерекше тоқталып өтті.
«Ең басты мәселе – қоғаммен диалог орнату. Азаматтарымызды тыңдай білуіміз керек. Теорияда мынадай бар, кез келген жүйе кері байланыссыз құбылмалы, тұрақсыз. Тоқаев мынадай маңызды мәселеге тоқталды: қоғамды тыңдау керек, олардың мәселелерін сезіну керек және мемлекеттің құралдарына ие бола отырып адамдардың мәселесін шешу керек. Оның айтқысы келгені осы болды», - деп айтты Божко.