Тоқаев Қызылордадағы көпсалалы балалар ауруханасына барды
Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысындағы жұмыс сапары барысында облыстық көпбейінді балалар ауруханасының әлеуетімен танысып, дәрігерлермен кездесті.
300 орындық көпбейінді балалар ауруханасы 2017 жылы пайдалануға берілген болатын. Жасөспірімдерге арналған зәулім медициналық нысан еліміздегі үздік бес аурухананың қатарына енген. Бүгінде мұнда 20-дан аса бағыт бойынша жеткіншектерге сапалы медициналық көмек көрсетілуде. Емдеу мекемесінде 8 клиникалық, 3 хирургиялық бейімдегі бөлімше жұмыс істейді.
Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бас дәрігері Зоя Көшенова Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа аурухананың жетістігі мен алға қойған мақсат-міндеттерін баяндады. Оның айтуынша, заманауи құралдармен жабдықталған балалар ауруханасы іске қосылғалы бері қызылордалықтар балаларына емді алыстан іздемейтін болды.
«Жалпы Қазақстан бойынша педиатрия саласында МРТ, компьютерлік томограф, ангиограф деген заманауи құрал-жабдық бес аймақта ғана бар. Біз соның ішіне кіріп отырмыз», - дейді Зоя Көшенова
Өткен жылы балалар ауруханасында 650 балғынға хирургиялық ота жасалып, дер кезінде тиісті ем-дом шараларын алды. Ауруханадағы хирургия бөлімінің меңгерушісі Болат Махамбетияровтың айтуынша, ең басты жетістік, туабітті ақауы бар нәрестелердің өмірін аман алып қалудың бірден-бір жолы саналатын неонатальды хирургия жетіле түсті. Дәлірек айтсақ, былтыр дәрігерлер жаңа туған 93 сәбидің өмірін аман алып қалды. Соның нәтижесінде, аймақта сәби өлімі 20 пайызға төмендеп отыр.
«Өткен жылы облысымызда алғаш рет неонатальды хирургия бөлімінде баланың өңеш отрезиясына ота жасап, аман-есен отбасына табыстадық. Бұл біз үшін үлкен қуанышты жаңалық болды», - дейді Болат Махамбетияров.
Алдағы уақытта балалар ауруханасының мемдициналық қызмет көрсету аясы кеңейе бермек. Жоспарда қант диабеті мен аллергологиялық орталығын және криотерапия кабинетін ашу көзделуде. Сонымен қатар колопроктология және кардиохирургия маманы даярланатын болады.
Осындай игі жұмыстармен танысқан Президент медициналық мекеменің алдағы жұмысына табыстар тіледі.
Сондай-ақ, Сыр өңірінде мемлекет пен жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылған жобалар бүгінде өз жемісін беруде. Солардың бірі – «Жан Арай» құрама жем зауыты. Инновациялық технологияны қолданысқа енгізген өндіріс орны күрішті ақтап қана қоймай, қалдығынан мал азығын дайындайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әртараптандыру бағытындағы агрокешеннің жұмысымен танысып, ауылшаруашылық саласының қызметкерлерімен кездесті.
«ЖанАрай» агро кешенінде күріш ақтау жұмысы жыл бойы жүргізіледі. Қазір мамыр айы. Зауытта жұмыс қауырт. Өйткені, мамандар күрішті алдын ала ақтап, қаптап қоюдың пайдасы жоқ дейді. Салмағы азаяды, құнарлығын жоғалтады. Сондықтан қара күрішті қажеттілігіне сай ақтап отырады. Сәйкесінше, сапасы жоғары болады, сұраныс артады. Кешенде қара күріштің күзге дейін жететін қоры бар.
Зауыттың бас механигі Бақытжан Тумырзаев кешенде күзде орылған қара күрішті сақтайтын алты қойма барын айтады. Күннің ыстығында да дақылдың ылғалдылығы 13 пайызды сақтап тұрады. Сол себепті сұранысқа сай күріш қажет кезінде ақталады.
«Бұл жерде ақтап қойғаннан қара күріштей тұрған тиімді. Тапсырыс беруші келсе, сұраған көлемінде күрішті ақтап беріп отырамыз», - дейді Бақытжан Тумырзаев.
Соңғы үлгідегі германиялық технологиямен жабдықталған зауыт ашылғалы бері 20 мың тоннаға жуық күріш өңделді. Мұндағы ерекшелік – барлығы автоматтандырылған. Жұмысшыларға да айтарлықтай ауыртпалық жоқ. Істің барлығын замануи құрылғылар тындырады. Қазіргі таңда өнідіріс орнында Сыр салысының бес түрі ақталуда.Жалпы, жылына 6 шаруашылық 7 мың гектарға жуық алқапқа күріш егеді. Бұл екі тарап үшінде тиімді. Сондай-ақ, күріш қалдығынан мал азығы үшін құрама жем дайындалады.
«Жан Арай» ЖШС директоры Бағдәулет Махашовтың айтуынша, серіктестік бірнеше жыл бұрын қолға алған жобаның бірі – ет бағытындағы қаз бен үйрек өсіру шаруашылығы. Құны 60 миллион теңге болатын жарқын бастама бүгінде өз нәтижесін беріп отыр. Бұдан бөлек, әртараптандыру бағытында алма өсіріп, кәсіпкерлерді агро салаға машықтандыруда.
«Бизнесті әртараптандыру бағытында биылғы жылы 10 гектар жерге алма бағын егіп отырмыз. Келесі жылы өнімін береді. Ауылдық жерлерді кәсіпкерлікті дамыту бағытында 10 шақты шаруа қожалығын құрып, 10 мың қаз асырап келе жатырмыз. Қаздар мен үйректердің жұмыртқасынан балапан шығарып, жылда 50-60 тоннаға дейін етті таратамыз. 2018 жылдың аяғында өндірістен қолын үзбей оқу орталығын аштық. Ол жерде жаңадан келіп жатқан технологияны қайтадан бағыттау, оқыту жүргізіледі», - дейді Бағдәулет Махашов.
Кәсіпкер көпке ұзатпай макарон цехы мен оңтүстіккореялық технологиямен тез дайындалатын күріш кеспесін шығаруды жоспарлап отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жан-Арай» кешеннің жұмысын өзгелерге үлгі ету қажеттігін тапсырды. Сонымен қатар, осы сала бұрыннан бері экономиканың драйвері саналатындығын тілге тиек етті. Ауылшаруашылығы саласының мамандары мен кәсіпкерлеріне алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істеуге, ел әлеуетін көтеруге шақырды.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласының сол жағалауына барып, мұнда салынып жатқан құрылыс жобаларымен танысты. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Президентке жаңа қаланың бас жоспарын көрсетіп, маңыздылығына тоқталды.
Қазіргі таңда облыс орталығында 280 мыңға жуық тұрғын қоныстанған. 2025 жылға қарай халық саны 350 мыңға жетпек. Сондықтан сол жағалаудан жаңа қаланың салынуы – уақыт талабы. 1532 гектар болатын жаңа аумақта тұрғын үйлер, білім нысандары бой көтеруде. Жақында мұнда жаңадан жастарға тәулік бойы үздіксіз қызмет қылатын орталық ашылған болатын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомат Тоқаев жастар орталығының жаңа ғимаратын аралап, жастармен жүздесті. Олардың Жастар жылында атқаратын жобаларымен танысты.