Тоқаев пен Мирзиёев екі ел арасындағы ынтымақтастықты талқылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті, деп жазады Ақорданың ресми сайты.

Әңгімелесу барысында мемлекеттер басшылары екіжақты қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың перспективаларын талқылады.

Сонымен қатар Қазақстан Президентінің биылғы 14-15 сәуірде Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапарының нәтижесінде қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысы қарастырылды.

Өзбекстандағы Қазақстан жылының табысты өтуіне ерекше мән берілді. Оның аясында мәдениет, өнер және білім салалары бойынша ықпалдастықты жандандыру жөнінде көптеген шара ұйымдастырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевті келе жатқан жаңа жылмен құттықтап, оған мемлекеттік қызметте табыс, бауырлас өзбек халқына бақ-береке тіледі.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы