Тоқаев Дубайдағы бірнеше маңызды нысандарға барды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан президенті Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапарының екінші күнгі бағдарламасының аясында Дубайдың Халықаралық қаржы орталығын (DIFC) аралап көрді, деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.
Дубайдың Халықаралық қаржы орталығының басқарма төрағасы Ариф Амири Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы экономикалық аймақ жұмысының принциптері, қажетті заңдық, коммерциялық және басқа да инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету арқылы бизнес пен қаржы институттары үшін тартымды жағдай жасау жөнінде айтты.
Бүгінде Орталыққа заңды түрде 2300-ге жуық компания тіркелген. 2024 жылға қарай олардың Дубай Әмірлігінің жалпы ішкі өніміне қосатын үлесі шамамен 15% болмақ.
Мемлекет басшысы "Астана" халықаралық қаржы орталығы мен Дубайдың Халықаралық қаржы орталығы арасында тығыз ықпалдастық орнатудың, Дубайдың табысты тәжірибесін "Астана" халықаралық қаржы орталығының жұмысына пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы Дубай инвестициялық корпорациясының атқарушы директоры Мұхаммед аш-Шайбанимен кездесті.
Кездесу барысында қаржы саласындағы өзара ынтымақтастыққа және "Астана" халықаралық қаржы орталығының одан әрі даму перспективасына қатысты мәселелер талқыланды.
Сонымен қатар Дубай инвестициялық корпорациясының Қазақстандағы жекешелендіру бағдарламасына және "Астана" халықаралық қаржы орталығы биржасының жұмысына белсенді қатысу мүмкіндіктері қарастырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхаммед аш-Шайбаниге Қазақстан активтеріне инвестиция салуға және сатып алуға қызығушылық білдірген жағдайда біздің мемлекеттік құрылымдардың инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға дайын екенін айтты.
Мемлекет басшысы осы сапарында Дубайда өтетін "EXPO-2020" көрмесіне дайындық барысымен де танысты.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Дубайдағы "EXPO-2020" халықаралық көрмесінде салынатын Қазақстан павильоны таныстырылды.
Жаһандық іс-шара 2020 жылдың 20 қазаны мен 2021 жылдың 10 сәуірі аралығында "Ақыл-ойды ұштастыру – болашақты қалыптастыру" деген тақырыппен өтеді.
"EXPO-2020" көрмесін дамыту жөніндегі басқарушы директор Ахмед әл-Хатибтің айтуынша, көрмеге 20 миллионнан астам адам келеді деп жоспарлануда.
Қазақстан павильоны Біріккен Араб Әмірліктерінің негізгі павильонына жақын жердегі "Мүмкіндіктер" деп аталатын кластерде орналасады. Ұлттық экспозиция бірнеше бөліктерге бөлінген. Онда өңіріміздің әлемде алатын орны, еліміздің туристік әлеуеті, тарихы, мәдениеті және астанасы туралы ақпарат беріледі. Сонымен қатар көрмеге келушілер Қазақстанның экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктері жөнінде мәлімет ала алады. Интерактивті шоудың соңында павильон қонақтарына жасанды интеллектінің адамзат болашағына әсері туралы айтылады.