Тоқаев Дүниежүзілік туризм ұйымының бас хатшысымен кездесті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Дүниежүзілік туризм ұйымының бас хатшысы Зураб Пололикашвилимен кездесті. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Дүниежүзілік туризм ұйымының қала туризміне арналған «Ақылды қалалар, ақылды мекендер» ғаламдық саммитінің Қазақстан астанасында өткізілуінің маңыздылығын атап өтті.
– Сіздің сапарыңыздың мәні зор деп санаймын. Дүниежүзілік туризм ұйымының Сегізінші ғаламдық саммитін өткізуге Нұр-Сұлтан қаласының кандидатурасына қолдау білдіргеніңіз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. Қазақстан үшін туризмді, соның ішінде экотуризмді және қала туризмін дамыту аса маңызды. Сондықтан, біз сіздің ұйымыңызбен ынтымақтастық орнатуға ниеттіміз, – деді Қазақстан президенті.
Зураб Пололикашвили мемлекет басшысына қабылдағаны үшін алғыс айтып, жергілікті туризм индустриясын дамыту бағытында БҰҰ Дүниежүзілік туризм ұйымы Қазақстанмен өзара іс-қимылдарға ерекше мән беретінін атап көрсетті.