Тоқаев: БҰҰ Бас ассамблеясының мінберінен үндеу жолдау – мен үшін зор мәртебе

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас ассамблеясының 74-ші сессиясы Жалпы дебаттарында сөйлеген сөзі жарияланды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

Құрметті Төраға мырза!

Жоғары Мәртебелі делегация басшылары!

Қадірлі ханымдар мен мырзалар!

Қазақстан Республикасының президенті ретінде тұңғыш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясының биік мінберінен үндеу жолдау – мен үшін зор мәртебе.

Ұлттар ұйымы дүниежүзіндегі барша адамзаттың мұң-мұқтажын қорғайтын баламасы жоқ бірегей әрі әмбебап ұйым және әрдайым солай болып қала береді.

Адамзатты талай сын-қатер мен қантөгістерден сақтап келе жатқан Ұйымның негізі қаланғанына келесі жылы 75 жыл толады.

Бүгінде Ұлттар ұйымы ғаламдық даму және өркениеттер сабақтастығын қамтамасыз етуде аса маңызды рөл атқарып келеді.

Бас хатшы Антонио Гутерриштің әр адам мен мемлекет тағдырын ортақ құндылық деп тауып, назардан тыс қалдырмау идеясын Қазақстан толық қолдайды.

Алайда, қазіргі таңдағы геосаяси және геоэкономикалық өзгерістерге қатысты алаңдаушылығымызға толық негіз бар.

Бұл жағдай 2030 күн тәртібін жүзеге асыру мақсатындағы бірлескен іс-әрекеттеріміз үшін күрделі сынақ екені айқын.

БҰҰ Бас Ассамблеясы 74-сессиясының жалпы дебатында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөз сөйлеуі Нью-Йорк сапарының басты оқиғасы болды.

Қазақстан президенті халықаралық беделді мінберде БҰҰ бүкіл адамзаттың мүддесін қорғайтын әмбебап әрі бірегей ұйым екенін мәлімдеді.

«Бүгінде Ұлттар ұйымы ғаламдық даму және өркениеттер сабақтастығын қамтамасыз етуде аса маңызды рөл атқарып келеді. Бас хатшы Антониу Гутерриштің әр адам мен мемлекет тағдырын ортақ құндылық деп тауып, назардан тыс қалдырмау идеясын Қазақстан толық қолдайды»,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруда елеулі кедергі келтіріп отырған әлемдегі геосаяси және геоэкономикалық өзгерістерге қатысты өзінің алаңдаушылығын білдірді.

Осыған байланысты президент ғаламның жаңа шынайы келбеті жағдайындағы сын-қатерлердің негізгі факторларын атап көрсетті.

«Біріншіден, ескі қақтығыстардың қайта қаулап, әлемнің әр түкпіріндегі жағдайдың ушығуы бұрынғы бөліністердің жігін ашып, жаһандық державаларды толықтай әскери қақтығыс жағдайына жеткізіп, жаңа мәселелер туындатып отыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы екінші фактор ретінде ғаламдық және аймақтық ойыншылар арасындағы қарым-қатынаста бір-біріне деген сенімнің жоқтығын атады. Оның айтуынша, бұл бүгінгі қауіпсіздік құрылымы мен қарулануды бақылау жүйесінің іргесін сөгіп, жаппай қарулануға әкеп соғуы мүмкін.

«Бұл сын-қатерлерді ұзақ мерзімді санкциялар, сауда соғысы, ғарыштағы бақталастықтың артуы, кибертехнологиялар мен жасанды интеллект тереңдетіп жіберді. Осы айтылғандардың барлығы ушыққан фундаменталды дағдарыстың қауіпті аспектілерінің көрінісі»,– деді президент.

Мемлекет басшысы үшінші фактор ретінде Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы әлеуметтік, экономикалық және технологиялық теңсіздікті, көзқарастар қақтығысының артуы, сонымен қатар ғаламдық қарыз дағдарысын атап көрсетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев протекционизм мен ұлтшылдық саясатының күшеюі халықаралық әріптестік пен ынтымақтастыққа кедергі келтіріп отыр деп санайды.

Ғаламдық тұрақсыздық факторын тудыратын төртінші мәселе – қоршаған ортаның тозуы. Президент Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі даланың шөлге айналуына, мұздықтардың еруіне және ауыз су мен ағын судың қайнар көзінің тартылуына әкеліп соғатынын мәлімдеді.

«Осындай күрделі жағдайда Қазақстан инклюзивті және тұрақты даму, жан-жақты диалог пен бейбітшілікті сақтау саясатын ұдайы жүзеге асырып келеді», – деді мемлекет басшысы.

Президент ядролық қарудан азат бейбітшілікке қол жеткізу Қазақстан үшін негізгі басымдық болып табылатынын атап өтті. Баяндамада еліміздің антиядролық бастамаларына, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қаруды таратпау және қарусыздану процесіне қосқан елеулі үлесіне зор көңіл бөлінді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Иранға қатысты жан-жақты қамтылған бірлескен іс-қимылдар жоспары мен Корей түбегін ядролық қарусыздандыруды жүзеге асырудағы проблемалар тараптардың өзара мүдделерін ескере отырып, тек саяси әдіс-тәсілмен ғана шешілуі керек деп есептейді.

Мемлекет басшысы өз баяндамасында Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті қауіпсіздік пен даму бойынша толыққанды аймақтық ұйым ретінде қайта құруды ұсынды. Оның айтуынша, Қазақстан бұл ұсынысты 2020 жылы аталған ұйымға төрағалық ету кезінде жүзеге асыруды қолға алмақ.

Президент Ауғанстан мен Таяу Шығыстағы жағдайға қатысты біздің елдің ұстанымын айтып, «Жусан» гуманитарлық операциясының тәжірибесімен бөлісуге әзір екенін білдірді.   

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ өз миссиясын орындау барысында кезігетін кейбір кедергілерге назар аударды. Осы орайда, мемлекет басшысы бас хатшы Антониу Гутерриштің БҰҰ-ны реформалау жөніндегі нақты әрі батыл қадамдарын ұйымға мүше-мемлекеттердің барлығы кеңінен қолдауға лайықты екенін атап өтті.

Тұрақты даму мақсаттары туралы айта келе, президент биылғы мамыр айында Қазақстанда ашылған Халықаралық ұйымдар ғимаратының базасында Орталық Азия мемлекеттері мен Ауғанстан үшін Тұрақты даму орталығын құру жөнінде ұсыныс білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың баяндамасының толық мәтінімен мына сілтеме арқылы таныса аласыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы