16 Қазан 2026, 10:37 Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

ТМҰ: Жасанды интеллект дәуірінде ақпараттық қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздіктің басым бағытына айналды

Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) медиа және ақпарат мәселелері жөніндегі министрлері мен жоғары лауазымды тұлғаларының VIII отырысы өтіп жатыр. Жиында ТМҰ Бас хатшысының орынбасары Омер Коджаман жасанды интеллектінің медиа саласына ықпалы, жалған ақпаратпен күрес және түркі мемлекеттері арасындағы ақпараттық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Омер Коджаманның айтуынша, жасанды интеллект ақпаратты жасау, тарату және қабылдау тәсілдерін түбегейлі өзгертіп жатыр. Бұл үдеріс жаңа мүмкіндіктермен қатар, бірқатар қауіп-қатерді де туындатады.

Жасанды интеллект енді ғылыми фантастика емес, ол күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Сондықтан алдымыздағы басты міндеттердің бірі – қауіпсіз технологияларды пайдалана отырып, сенімді ақпараттық кеңістік қалыптастыру, – деді ол.

Спикердің пікірінше, жасанды интеллектіні бірлескен контент өндірісін дамытуға және медиа жобалармен алмасуды жетілдіруге пайдалану қажет. Заманауи технологиялардың көмегімен түркі мемлекеттері сапалы фильмдерді, жаңалықтар мен білім беру контентін өзара аударып, тарата алады. Бұл халықтар арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар ол жалған жаңалықтар, дипфейктер мен автоматтандырылған үгіт-насихаттың жылдам таралуы ақпараттық қауіпсіздікке елеулі қатер төндіретінін атап өтті.

Ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қазір ұлттық қауіпсіздіктің басым бағыттарының біріне айналды. Бұл мәселені шешу үшін медиасауаттылықты арттырып, жалған ақпаратпен күресуге ерекше мән беруіміз керек. Азаматтарға цифрлық құралдарды қауіпсіз пайдалануды үйретіп, интернеттегі ақпаратты сыни тұрғыдан бағалау дағдыларын дамыту қажет, – деді Омер Коджаман.

Ол сондай-ақ медиа білім мен ғылыми зерттеулерді дамыту, интернеттегі манипуляцияларды анықтау және олардың жолын кесу үшін тиісті органдар арасында бірлескен жобалар әзірлеу маңызды екенін айтты.

Жасанды интеллектіні қолдануда этикалық қағидаттар сақталуы керек

Омер Коджаман жасанды интеллектіні медиа саласына енгізу кезінде ақпараттың дәлдігі, ашықтық, жауапкершілік және авторлық құқықты сақтау қағидаттарына басымдық беру қажеттігін атап өтті.

Жасанды интеллект журналистер мен медиа мамандарына көмектесетін құрал болуы тиіс, бірақ адамның объективті пайымын алмастырмауы керек. Сонымен қатар зияткерлік меншік құқықтары да қатаң сақталуы қажет, – деді ол.

Оның сөзінше, цифрлық медиа индустриясын дамыту үшін инвестиция тарту және білікті кадрлар даярлау да маңызды. Осы мақсатта ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің министрліктері мен тиісті ведомстволары бірлескен оқыту бағдарламаларын, шеберлік сабақтарын және тәжірибе алмасу жобаларын ұйымдастыра алады.

Түркі мемлекеттері ортақ телерадио хабар тарату желісін құруды талқылады

Омер Коджаманның айтуынша, медиа және ақпарат саласындағы ынтымақтастық тетігіне 11 жыл толған. Осы уақыт ішінде бірқатар нәтижеге қол жеткізілгенімен, алда атқарылатын жұмыс әлі де көп.

Ол кеше өткен Медиа және ақпарат жөніндегі жұмыс тобының 13-отырысының қорытындыларына тоқталып, тараптардың ынтымақтастықты дамыту жөнінде ортақ көзқарасқа келгенін айтты.

Отырыста Түркі мемлекеттерінің ортақ телерадио хабар тарату желісін құру және ТМҰ-ға мүше мемлекеттер арасында теле- және радио бағдарламаларын өзара тарату туралы келісімге қол қою мәселелері талқыланған.

Бұл бастамалар Түркі мемлекеттері ұйымының ақпарат және медиа саласындағы ынтымақтастығына арналған 2027 жылғы іс-қимыл жоспарына енгізілген. Құжат отырысқа қатысушылардың мақұлдауына ұсынылған.

Бұл бастамалар ынтымақтастығымызды нығайтып, ортақ басымдықтарымызды нақты жобаларға айналдыруға және нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретініне сенімдімін, – деп айтты Омер Коджаман отырыста.

Айта кетейік, Астанада Түркі мемлекеттері ұйымы медиа және ақпарат мәселелерін талқылап жатыр.