21 Тамыз 2026, 19:18 Фото: Партияның баспасөз қызметі

ТМҰ байқаушылары «Ауылдың» сайлауалды штабына барды: Қандай мәселелер талқыланды

Құрылтай депутаттарын сайлау қарсаңында Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) халықаралық байқаушылар миссиясы «Ауыл» партиясының Республикалық сайлауалды штабына барды. Кездесуде делегация өкілдері штабтың қызметімен танысып, сайлау науқанының қалай өтіп жатқаны және партияның сайлаушылармен жүргізіп жатқан жұмысы туралы ақпарат алды.

Халықаралық делегация құрамында байқаушылар миссиясының жетекшісі, ТМҰ Бас хатшысының орынбасары Нуру Гулиев, ұйымның жобалар директорлары, сондай-ақ миссия мүшелері Мине Серткан мен Кундуз Рустембекова болды.

«Ауыл» партиясы атынан кездесуге партия төрағасының бірінші орынбасары Серік Егізбаев пен Республикалық сайлауалды штаб мүшелері Ерлан Қарабалаев, Нұрхат Ораш, Қуаныш Үсенов, София Абдуразакова, Гүлнара Давлетьярова және Азимхан Аусатов қатысты.

Кездесу кезінде байқаушыларға партияның Республикалық және өңірлік штабтары атқарып жатқан жұмыстар туралы айтылды. Сонымен бірге үгіт-насихат науқанының ұйымдастырылуы мен кандидаттардың еліміздің әр өңірінде өткізіп жатқан кездеселері жөнінде мәлімет берілді.

Әңгіме барысында өңірлердегі сайлауалды жұмыстарға да ерекше назар аударылды. Партия өкілдері түрлі санаттағы сайлаушылармен қалай пікір алмасып жатқанын және партия бағдарламасын халыққа түсіндіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды.

Тараптар сайлау заңнамасының сақталуы, сайлау үдерісінің ашықтығы және науқанды өткізу тәртібі туралы пікір алмасты. Сондай-ақ партия өкілдері халықаралық байқаушылардың үгіт-насихат жұмыстары, штабтардың қызметі және дауыс беру күніне дайындық барысына қатысты сұрақтарына жауап берді.