19 Қараша 2026, 10:55 Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

ТМД елдері арасындағы инвестиция көлемі 45 млрд долларға жетті – Игорь Петришенко

Бүгін Алматыда посткеңестік кеңістіктегі мемлекетаралық қатынастардың негізгі қағидаттарын айқындаған Алматы декларациясының қабылданғанына 35 жыл толуына орай «Алматы декларациясы: диалог, ынтымақтастық және тату көршіліктің 35 жылы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр. Конференцияға ТМД-ның атқарушы органдарының, Достастыққа мүше мемлекеттердің ғылыми-сараптамалық ұйымдары мен университеттерінің, мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ қоғам қайраткерлері қатысуда. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған. Конференция барысында ТМД Бас хатшысының бірінші орынбасары Игорь Петришенко Достастықтың 35 жыл ішіндегі даму жолына тоқталып, ұйымның қазіргі рөлі мен мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық бағыттары туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Биыл Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының құрылғанына 35 жыл толып отыр. Осыған орай мемлекет басшылары Авазада өткен саммитте ТМД-ның құрылуы мен дамуының 35 жылдығына арналған арнайы мәлімдеме қабылдаған болатын.

Бұл – Достастықтың 35 жылдық тарихындағы маңызды шешімдердің бірі. Осы уақыт ішінде ТМД барлық мүше мемлекетті біріктірген маңызды аймақтық халықаралық ұйымға айналды. Елдер арасындағы қарым-қатынас өзара тиімділік пен мемлекеттік егемендікті құрметтеу қағидаттарына негізделді. Ең бастысы, мемлекеттер бейбітшілік пен достықта өмір сүруге, өз елдерінің дамуы үшін және жалпы Достастық аясындағы ынтымақтастықты нығайту жолында бірлесіп жұмыс істеуге ұмтылды, – деді Игорь Петришенко.

Ол ұйым аясындағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары да айқындалғанын атап өтті. Соның ішінде экономикалық ынтымақтастыққа ерекше мән беріліп отыр. Мемлекет басшылары экономикалық байланыстарды белсенді дамытып, нақты жобаларды жүзеге асыру үшін қазіргі жағдайға бейімделген қосымша тетіктер әзірлеу қажеттігін айтқан.

ТМД елдерінің өзара сауда айналымы 18 пайызға өскен

Игорь Петришенко экономикалық ынтымақтастықтың нәтижесін сауда айналымы мен инвестиция көлеміндегі көрсеткіштер арқылы түсіндірді.

Оның мәліметінше, 2022-2025 жылдар аралығында Достастық елдерінің өзара тауар айналымы 18 пайызға өскен. Ал биылғы жылдың қаңтар-тамыз айларында бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,7 пайызға артқан.

Сауда айналымындағы көрсеткіштерге соңғы бес жыл бойынша ғана тоқталғым келеді. 2022 жылдан 2025 жылға дейінгі кезеңде өзара тауар айналымы 18 пайызға өсті. Бұл – жақсы көрсеткіш. Биылғы жылдың нәтижелерін қарасақ та, оң динамиканы байқап отырмыз. Қаңтар-тамыз айларында өсім 13,7 пайыз болды, – деді ол.

Сонымен қатар соңғы бес жылда ТМД елдері арасындағы инвестиция көлемі 45 миллиард АҚШ долларына жеткен. Осы кезеңде инвестиция шамамен 10 миллиард долларға ұлғайған.

Оның айтуынша, бұл көрсеткіштер Достастыққа мүше мемлекеттердің инвестиция тартуға, өзара сауданы дамытуға және өнеркәсіптік кооперацияны жолға қоюға мүдделі екенін көрсетеді. Аталған бағыттардың барлығы 1990-жылдардан бері біртіндеп дамып келеді.

Еркін сауда аймағы туралы келісім ынтымақтастықты кеңейтті

ТМД Бас хатшысының бірінші орынбасары экономикалық байланыстардың қалыптасу тарихына да тоқталды. Оның айтуынша, 1994 жылы еркін сауда аймағын құру туралы алғашқы келісімге қол қойылған. Кейін оны іске асыру тәжірибесі мен қалыптасқан жағдай ескеріліп, құжат қайта қаралған.

Осылайша, 2011 жылы Санкт-Петербургте еркін сауда аймағы туралы жаңа келісім жасалды. Бұл құжат мемлекеттердің экономикалық байланыстарын одан әрі тереңдетуге мүмкіндік берген.

Мен атаған көрсеткіштер осы келісімде бекітілген нормалардың іс жүзінде жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар 2023 жылы мемлекеттеріміз ынтымақтастық аясын кеңейтіп, қызмет саудасы туралы келісім жасасты, – деді Игорь Петришенко.

Оның түсіндіруінше, соңғы келісім көлік, құрылыс және туризм салаларындағы қызметтерді қамтиды. Бұл да Достастық елдерінің өзара байланысын нығайтуға арналған қосымша мүмкіндік.

Игорь Петришенконың айтуынша, қызмет саудасы туралы келісім ТМД мемлекеттерінің экономикалық ынтымақтастығын кеңейтіп, бірлескен жұмыстарды дамытуға арналған қосымша резерв болып саналады.