ТМД елдері Жастар істері жөніндегі Кеңесінің кезекті отырысы өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асқар Омаров ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Жастар істері жөніндегі Кеңесінің кезекті отырысына қатысты.
Күн тәртібінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде мемлекеттік жастар саясатының негіздерін айқындайтын заңнаманы дамыту мәселелері, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің «ТМД үшін 100 идея» Халықаралық жастар жобасының қорытындылары және Кеңестің 2022 жылға арналған жұмыс жоспары талқыланды.
Асқар Омаров Кеңес мүшелеріне ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің 2021-2030 жылдарға арналған Халықаралық Жастар ынтымақтастығының стратегиясын іске асыру жөніндегі 2021-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Жастар ерікті (волонтерлік) қозғалысын қолдаудағы ынтымақтастығын дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын іске асыру барысы туралы баяндама жасады.
Іс-шара қорытындысы бойынша ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Жастар ісі жөніндегі кеңесінің 2022 жылға арналған жұмыс жоспары қабылданды.
Сонымен қатар, Кеңес аясында «ТМД үшін 100 идея» байқауының финалдық кезеңі өтуде, онда 11 қазақстандық жас стартаперлер 10 бағыт бойынша өз жобаларын ұсынуда.
Анықтама: ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Жастар ісі жөніндегі кеңесі ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жастармен жұмыс саласындағы ынтымақтастық туралы келісімін іске асыру шеңберінде өтті.
Кеңестің негізгі міндеттері - мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өзара іс-қимылы, екіжақты және көпжақты бірлескен жастар жобаларын іске асыру.
Кеңес құрамына 9 ел кіреді: Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Молдова.