ТМД елдері Қаржылық барлау орталығын құрмақ

Қазақстан Қаржылық мониторинг агенттігі ТМД елдерімен бірлесіп “Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландыру қауіп-қатеріне баға беретін халықаралық орталықты құру туралы” келісімді ратификациялауға дайындалып жатыр. Бұл туралы агенттік төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Мәжіліс отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Заң жобасын Қаржылық мониторинг агенттігі әзірлеген. Келісімге 2023 жылдың қазан айында ТМД мемлекеттерінің басшылары қол қойған.

Орталықты құру бастамасын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдердің қаржылық барлау бөлімшелері басшылары көтерген. Бұл Тәуекелдерді бағалау халықаралық орталығы Ресейдің үйлестіруімен жұмыс істейді және ТМД кеңістігінде мемлекетаралық өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған.

Орталықтың негізгі міндеттері:

  • ТМД елдерінің қаржы барлау органдары арасында ақпарат алмасу;
  • Ақшалай қаражаттың транзиттік қозғалысын, активтердің орналасуын талдау;
  • Алаяқтық, салықтық және сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша деректер жинау;
  • Трансшекаралық қылмыстық топтардың қызметін зерттеу.

Орталық қорғалған ақпараттық жүйе ретінде жұмыс істейді. Ашық дереккөздерден алынған ақпаратпен ғана толықтырылады, ал құпия немесе шектеулі мәліметтермен алмасу қарастырылмаған, - деді Жеңіс Елемесов.

Бүгінгі таңда келісімді Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан ратификациялаған. Қазақстан үшін келісімді қабылдау әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық тәуекелдерге әкелмейді және республикалық бюджеттен қосымша шығынды қажет етпейді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы