ТМД елдері іздестіру жасақтарының белсенділері Павлодарда бас қосты
ТМД елдері іздестіру жасақтарының белсенділері Павлодар қаласында бас қосып, тәжірибе алмасты, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Республика күні мен жергілікті «Майдан жолы» жасағының 15 жылдығына орайластырылған шараға Ресей, Молодва, Беларусь елдерінің өкілдері қатысты.
«Майдан жолы» отрядының командирі Александр Шитовтың айтуынша, осы уақыт аралығында жасақ мүшелері Ұлы Отан соғысында хабарсыз кетіп, қаза болған 300-ден астам жауынгердің жатқан жері табылып, қайта жерленді.
Батырлар жолымен» вахталары шеңберінде экспедициялар барысында қазақ жерінде туған солдаттардың құрметіне 20-дан астам ескерткіш орнатылды. Іздестіру аясы кеңейді. Біздің еріктілер Молдова, Ресей, Беларусь және өзге елдерде қазба жұмыстарын жүргізеді. Осы күнге дейін Павлодар, Абай, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында туыпғ елден жырақ жерде ерлікпен көз жұмған жауынгерлердің сүйегі туған жерлеріне әкелінді, - дейді Александр Шитов.
Халықаралық шараға 50-ден астам волонтёр жиналды. Қазақстандағы Ресей ынтымақтастығының вице-консулы Александр Дяченконың айтуынша, іздестіру жасақтарының қос ел арасындағы мәдени-гуманитарлық қатынасты дамытудағы рөлі зор.
Осы алаңда біз іздестіру қозғалысындағы мәселелерді талқылап, тәжірибе алмастық. Негізгі міндет – жұмысты нығайту. Бүгінгі таңда ТМД елдерінде бұл бағыттағы кешенді жобалар қарқынды жүзеге асырылуда. Мәселен, Ресейдің өзінде бір жарым мыңнан іздестіру отряды бар. Бұл іске 40 мыңға жуық азамат жұмылдырылған. Мемлекет тарапынан қолдау бар. Халықаралық форум барысында біз заманауи тәжірибелерімізбен бөлісеміз. Ортақ жобаларды талқылаймыз, - дейді А. Дяченко.