ТКШ саласында жаңа ақпараттық жүйе пайда болады

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында жаңа ақпараттық жүйе құрылады. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялық қызметінде өткен брифинг барысында Қазақстанның тұрғын үй коммуналды шаруашылығы орталығы директорының орынбасары Марғұлан Әбдіқадыров мәлімдеді. 


«Қазақстандағы көппәтерлі тұрғын үй саны 87 657 бірлікті құрайды. Оның ішінде, қазіргі уақытта 54 088 үй немесе 69% қанағаттанарлық жағдайда тұр. Ал, күрделі жөндеуді қажет ететін үй саны 19 639 немесе 25% құрап отыр. Ал апатты жағдайда 1 383 үй тұрғаны белгілі», - деді Әбіқадыров. 

Ол 2020 жылға дейін өңірлерді дамытуға бағытталған бағдарлама аясында үкіметтен бөлінген қаражат есебінен 2 827 үй жөндеуден өткенін атап өтті. 

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жаңа заң жобасы ғимарат иелері тарапынан кондоминимумдар нысандарын басқарушы органдарын және пәтер иелері, басқарушы компаниялар, сервистік ұйымдар мен әкімдіктер арасындағы өзара қарым-қатынасты жақсартуды бақылауды қамтамасыз ету үшін ТКШ ақпараттық жүйесін құруды қарастырады. Бұл жүйе тұрғындардың кіріс пен шығыс бойынша есептерді көруіне, үйді басқару мен оны күту бойынша электронды дауыс беру арқылы шешімдер қабылдауына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, тұрғындар үйге қызмет көрсету бойынша электронды өтініш жолдап, оның орындалуын қадағалай алады», - деді спикер.
 
Әбдіқадыров аталған жүй көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару органдарының салымдар мен жинақтарды күрделі жөндеуге жұмсауында ашықтықты қамтамасыз ететінін айтты. 

«Тұрғын үй қорының бірыңғай ақпараттық жүйесі мен ТКШ тұрғындарға үйді басқару шаруасына аптасына 7 күн және 24 сағат бойы онлайн режимде қатысуын қамтамасыз етеді», - деді директордың орынбасары.
Ақмарал ШАҒАТАЙ
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы