Өткен жылы ШҚО тұрғындарының саны 5 241 адамға кеміген
Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Өткен жылы Шығыс Қазақстаннан көшіп кетушілер саны туылғандардан басым түсіп, өңір халқының саны 5 241 адамға кеміді. Бұл жөнінде облыстық Статистика департаментінің мамандары хабарлап отыр.
Көші-қон үрдісі барысында 2018 жылы облыстан 24,5 мың адам кетсе, 11,5 мың адам көшіп келген. Осылайша, 2017 жылмен салыстырғанда облысқа келгендер саны 4,9%-ға кемісе, кеткендер саны 6,6%-ға артқан.
«Алыс шетелдерден өңірімізге 129 адам келген. Атап айтсақ, Қытай Халық Республикасынан Өскемен, Семей қалалары мен Глубокое, Зайсан, Катонқарағай және Тарбағатай аудандарына тұрғылықты қоныстануға 53 адам келді. Монғолиядан Өскемен, Семей қалалары мен Глубокое ауданына 26 адам қоныстанса, Германиядан 10 адам келген. Ал республиканың басқа өңірлерінен облысымызға барлығы 10,9 мың адам келген. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 4,1 пайызға аз», - дейді ШҚО Статистика департаменті Әлеуметтік және демографиялық статистика басқармасының басшысы Асхат Өмірзақов.
Статист маманның айтуынша, жақын шетелдерден келгендер саны өткен жылы 552 адамды құраған. Атап айтсақ, Ресейден – 471, Тәжікстаннан – 29, Әзірбайжаннан – 15, Өзбекстаннан – 13, Қырғызстаннан – 12, Украинадан – 8 және Армениядан – 4 адам келген.
«Сыртқы және ішкі көші-қон нәтижесінде облыс тұрғындарының 12,9 мың адамға кемуі қалыптасты. Бұдан бөлек, облыстың ішінде 41,4 мың адам бір елді мекеннен екіншісіне көшіп-қонған. Облысішілік көшіп-қонуда тұрғындар негізінен Өскемен, Семей қалалары мен Глубокое, Аягөз және Үржар аудандарына қарайғы бағытты ұстанған», - деп қосты басқарма басшысы.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ
Фото: шартты