Өткен жылы ШҚО-да 22 мыңнан астам жас жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген
Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстанда 16-дан 29 жас аралығындағы жастардың мәртебесін анықтау жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен, өңірде әлі де мәртебесі анықталмаған 8 мыңдай жас бар. Бұл жөнінде «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында өткен партиялық тыңдау кезінде ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Тимур Жигитаев мәлімдеді.
«Жастар бойынша мәртебесін анықтайтын 7913 адам қалды. Олардың 5,3%-ы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жеке қосалқы шаруашылығы барлар, 3,8%-ы тіркелмеген жұмыссыздар, 1,2%-ы бала күтімімен отырған әйелдер, 0,01%-ы жалдамалы жұмысшылар, 0,6%-ы студенттер, 2%-ы көшіп кеткендер болса, 0,3%-ы әзірге мәртебесін анықтаудан бас тартқандар», - деді Тимур Жигитаев.
Облыста жұмысқа орналастыру бойынша кешенді бағдарламалардың іске асырылып жатқанын айтқан ол, бүгінгі таңда жоспармен қамтылған 218 мыңнан астам жастың 91%-ының жұмысқа орналасқанын алға тартты. Оның айтуынша, 2018 жылы жұмыспен қамту органдарына 22,3 мың жас жүгінсе, олардың 18,4 мыңы жұмыспен қамтылған.
«Бағдарлама аясында техникалық және кәсіби мамандарды даярлап шығару, жұмысшы кадрларын қысқа мерзімді курстарда еңбек нарығына қажетті мамандықтарға қайта оқыту, кәсіпкерлік негіздеріне үйрету, ауыл мен қаладағы шағын несиелендіруді арттыру, әлеуметтік жұмыс орындарын құру және жастар тәжірибесін ұйымдастыру сияқты жұмыстар жүргізілуде», - деп қосты жауапты тұлға.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ
Фото: автордікі