"Тізеден балшыққа батасың": Алматының шеткі аудандарында жол жөнделе ме
Алматыда не жолы, не жарығы жоқ шағын аудандар мен көшелердің мәселесі әлі күнге шешімін таппай келеді. Жақында ғана әлеуметтік желілерде оқушы қыздың батпаққа батқан бейнежазбасы тарап, жұртшылықты елең еткізген еді. "Рахат-Мәдениет" шағын ауданының халқы қыста батпаққа батып, жазда шаңға көмілетінін айтып, шағымданып отыр. Мәселенің мән-жайын анықтап, көшеге неліктен жөндеу жұмыстары жүргізілмегенін BAQ.KZ тілшісі зерделеп қайтты.
Тұрғындар балаларының толарсақтан саз кешіп, мектепке баратынын айтып назданды. Айтуларынша, елді мекенде қаңғыған иттердің де қарасы қалың. Тіпті кейбірі қараңғы көшелерде балаларға шабуыл жасап, жазым қыла жаздаған көрінеді.
2021 жылы "Рахат-Мәдениет" шағын ауданына көшіп келген едік. Сол уақыттан бері бізді су, жол, жарық мәселесі алаңдатып келеді. Қашан беріліп, жағдайымыз жақсарады екен деген үмітпен келеміз. Әсіресе, жол мәселесі алаңдатады. Қыста да, көктемде де қиындық туғызады. Маңайымыздың барлығы ми балшыққа айналады. Баламды мектепке апарамыз деп күніге балшыққа батып келеміз, кішкентайымды арбамен алып жүру мүмкін емес. Жолдан тек көлігі бар жандар ғана өте алады. Қаншама рет осы мәселені айтып, әкімдікке барсақ та мардымды жауап ала алмадық. Бұдан бөлек шағын ауданда ит мәселесі де өзекті. Күні кеше баламды қараңғы көшеде төрт ит қуалап, балам балшыққа құлап, зәресі ұшып келді. Иттердің саны өте көп, балаларымыздың денсаулығы үшін қатты уайымдаймыз, - дейді Ақнұр есімді қала тұрғыны.
Қисық-қыңыр жолдан адам түгілі көліктің де әрең өтіп жатқанын көруге болады.
"Мәдениет" тұрғындары мегаполистің орталығын жыл сайын асфальттап, бордюрін ауыстыратын әкімдік қала шетіне немқұрайлы қарайды деп ренжиді.
Аталған жағдайға байланысты BAQ.KZ тілшісі Алматы қаласының әкімдігімен байланысып, жөндеу жұмыстары қашан басталатынын анықтады.
"Рахат-Мәдениет" шағын ауданында орталық су құбыры және кәріз құрылысы жүргізіліп жатыр. 2882 тұрғын үй мен 14 мың тұрғынды қамтитын желілер жасалып жатыр. Жоба бойынша су құбырының ұзындығы – 69,9 км, кәріз желісінің ұзындығы – 61,8 км. Бұл жұмыстардың аяқталу мерзімі 2025 жылдың соңына жоспарланған. Жобаны іске асыру барысында авторлық және техникалық қадағалау мамандары көзделген. Жоғарыда көрсетілген ақпаратқа сәйкес құрылыс-монтаж жұмыстары бекітілген жобаға сәйкес қатаң түрде жүргізіледі. Алматы қаласы Алатау ауданы әкімінің аппараты "Рахат-Мәдениет" шағынауданы бойынша осы бейнені зерделеп, А.Сүлейменов көшесінің жанында орналасқан атауы жоқ көшелерде құрылыс-монтаждау жұмыстары (ҚМЖ) жүргізілмегенін, ал Ә.Сүлейменов көшесінде ҚМЖ 2025 жылдың III тоқсанында жоспарланғанын түсіндіреді, - деп хабарлады Алматы қаласының әкімдігі.
Қала әкімдігінің мәліметінше, инженерлік желілерді салу жұмыстары аяқталғаннан кейін Алматы қаласының қалалық мобильділік басқармасы жолдардың жаңа құрылысы бойынша жұмыстар жүргізетін болады. Бүгінгі таңда "Рахат-Мәдениет" шағын ауданында жол төсемін инертті материалдармен қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Әкімдік жауын-шашыннан кейін ми батпаққа айналған жолмен жүру қиындайтынын ескеріп, қазір жолдың шетіне қиыршық тас жайып жатқан көрінеді.
Тұрғындар мұндай уәжге қанағаттанбады. Олардың айтуына қарағанда, асфальт төселіп болғанға дейін уақытша төгіп, тегістеп кеткен ұсақ қиыршық тас жауын-шашыннан кейінгі батпаққа қосылып, адам мен көліктің жүріс-тұрысын одан әрі қиындатады.