Тіс емханасындағы 3 жасар қыз өлімі: Сот үкімі шықты
Астанада жекеменшік стоматологиялық клиникада 3 жасар қыздың қаза болуына қатысты резонансты сот процесі аяқталды. Сот анестезиолог дәрігер А.Ж.-ны кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан адам өліміне әкеп соқтырғаны үшін кінәлі деп таныды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сот айыпталушыны Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлігі, яғни «Медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы, абайсызда адам өліміне әкеп соғуы» бойынша кінәлі деп тапты.
Судья Қажымұқан Мекемтас анестезиологқа 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, 3 жылға медициналық қызметпен айналысуға тыйым салды. Алайда сот 30 жылдық Конституция мерейтойына байланысты қабылданған амнистия туралы заңға сәйкес айыпталушыны негізгі жазадан босатты.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты қабылданған "Амнистия туралы" заңның 2-бабы 1-тармағына сәйкес А.Ж.-ны негізгі жазаны өтеуден босату. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін тұрғылықты жері бойынша пробация қызметіне есепке тұру үшін келуін міндеттеу. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін А.Ж.-ға қатысты таңдалған процессуалдық мәжбүрлеу шарасын — келу міндеттемесін жою, — деді судья.
Бұл үкімге сәйкес, сотталған адам колонияда жазасын өтемейді, алайда 3 жыл бойы медициналық практикамен айналысу құқығынан айырылады.
Сондай-ақ сот А.Ж.-ны баланың әкесіне өкілдік шығындарды өтеу үшін 500 мың теңге төлеуге міндеттеді. Бұдан бөлек, одан жәбірленушілерге өтемақы қорына 36 920 теңге және сот-медициналық сараптамалар үшін мемлекет кірісіне 204 920 теңге өндірілді.
Қайғылы оқиға 2024 жылғы 30 қазанда болған. Астанадағы жекеменшік клиникалардың бірінде тістерін наркозбен емдеткеннен кейін 3 жасар қыз бала оянбай қалған.
Әкесінің айтуынша, процедура жоспарланған үш сағаттың орнына 3,5 сағаттан астам уақытқа созылған. Алдыңғы сот отырыстарында ол стоматолог дәрігер баланың 18 тісін бір мезетте емдеуді шешкенін, ал шын мәнінде емдеуді бірнеше кезеңге бөлу қажет болғанын айтқан.