Тіс емханасындағы 3 жасар қыз өлімі: Сот отырысы жалғасып жатыр

Астана сотында жеке стоматологияда болған үш жасар қыздың өлімі бойынша іс жалғасып жатыр. Сот отырысында 25 қарашада болған қайғылы оқиғаның видеожазбасы көрсетілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Істің мән-жайы

Астанада 3 жасар қыз жеке клиникалардың бірінде тісін наркозбен емдегеннен кейін оянбады. Бұл қайғылы оқиға 2024 жылғы 30 қазанда болған.

Әкесінің айтуынша, процедура жоспарланған үш сағаттың орнына 3,5 сағаттан астам уақытқа созылған. Сондай-ақ дәрігерлер қыздың 20 тісінің 18-ін бірден емдеуге шешім қабылдап, ем-домның қауіпсіз екеніне сендірген.

Кім сотталып жатыр?

Қылмыстық іс фигуранты – анестезиолог-дәрігер. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабының 3-бөлігі бойынша жауапқа тартылып отыр. Аталған бапқа сәйкес, оған төрт жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Сонымен бірге, үш жылға дейін белгілі бір қызметтерді атқару құқығынан айыру шарасы да қарастырылған.

25 қарашада сотта оқиғаның видеосы көрсетілген болатын.

2 желтоқсанда басталған сот отырысында клиника директоры Надежда Хон жауап беріп жатыр.

Клиниканың өкілі анестезиологтың жұмысы, операцияға дейінгі тексерулер және клиникадағы бақылау тетіктері жөнінде түсінік берді.

Клиникамызда бір дефибриллятор бар. Ол кез келген кабинетке жедел жеткізу үшін бейтарап аймақта орналасқан. Клиника шағын болғандықтан, біреуі жеткілікті. Анестезиологтың кәсіби әрекеттеріне бақылау тек сол маманның өзіне жүктелген. Клиника әкімшілігі оның медициналық шешімдеріне араласпайды және оны тексеруге құзыреті жоқ, – деді Надежда Хон.

Сөзінше, басшылықтың анестезиология бойынша құзыреті жоқ.

Сотта клиникаға қатысты әкімшілік құқықбұзушылықтар да қаралды. Бұған дейінгі тексерістерде клиникада тіркелмеген медициналық бұйымдар, жарамдылық мерзімі өткен құралдар және лицензиялау талаптарының бұзылуы анықталған.

Барлық айыппұл төленді. Үш әкімшілік айыппұл бар. Жарамдылық мерзімі өткен инелер утилизацияланды. Скальпель бойынша да айыппұл төледік. Қалған бұзушылықтарды, қызметкерді жұмыстан шығару және анестезиолог-реаниматологтың болмауы – лицензиядан бас тарту арқылы жойдық, – деді куә.

Айыптау тарабы видеожазбада анестезиолог пен стоматологтың 4,5 сағат бойы әңгімелесіп отырғанын, ал хаттамаға сәйкес әр 10 минут сайын жазба жасалғанын атап өтті. Алайда видеода қағаз құжат толтырылғаны көрінбеген.

Анестезиологиялық құжаттаманы жүргізуге тек анестезиологтың өзі жауап береді. Ол құжатты қалай толтырғанын білмеймін. Операция кезінде ол жазба жүргізбегені видеодан көрінеді, бірақ құжатты кейін толтырған болуы мүмкін, – деп жауап берді Хон.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы