Тіркелген сайлаушылардың тең жартысы дауыс беріп болды – учаске төрағасы

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Түркістан қаласы №15 Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясында орналасқан №108 сайлау учаскесіне 1906 сайлаушы тіркелген. 

Жас ерекшелігіне байланысты 18 жасқа толған азаматтар мен жасы егде қариялар сайлауға белсенді түрде келіп жатыр. Бұл туралы аталған сайлау учаскесінің төрағасы Уалихан Бесимбаев мәлімдеді.

«Бүгінгі сайлауға қала тұрғындары лек-легімен келіп жатыр. Бұл сайлаудың ерекшелігі таңертең сағат 7-де учаске ашылған кезде ең бірінші келген сайлаушыға сыйлығымызды ұсындық. Оның ішінде саяси науқанды қолдағаны үшін үлкен жастағы кісілерге де сый-сыяпатымызды үлестірдік. Күндіз сағат 12-ге дейін біздегі учаскеден тасымал жәшігі бойынша 10 өтініш келіп түсті. Біз оларды қабылдап, 10 бюллетенді учаскеге алып келдік. Ал, дауыс беруге мүмкіндігі шектеулі азаматтар әлі келмеді. Біз мүмкіншілігі шектеулі жандар келген кезде көмек көрсететін жағдайды ұйымдастырған болатынбыз. Ол кісілерге осында 5 волонтер қызмет көрсетеді. Келген сайлаушыларға бағыт беріп, мүмкіндігі шектеулі жандарға баспалдақтан мініп, түсуіне көмектеседі. Жалпы, бұл сайлауда тұрғындардың келуі жаман емес, ойдағыдай. Сайлау уақыты аяқталған жоқ. Кешкі сағат сегізге дейін қалған сайлаушылар толық келеді деген сенімдеміз», - деді Уалихан Қамбарұлы.

Сайлау учаскесі төрағасының сөзінше, қазіргі таңда 1200-ден астам сайлаушы дауыс беріп үлгерген. Учаскеде 12 бақылаушы, сайлау учаскесінің 9 мүшесі және 1 хатшысы бар. Сайлау учаскесі 1906 бюллетень, шағын лампа, көзі нашар көретіндерге арнап лупа, арнайы дауыс беретін журналдармен қмтамасыз етілді.

«Бұл сайлау – саяси науқанның ішінде ең маңыздысы. Себебі, Қазақстан Рсеспубликасының әрбір азаматының саяси белсенді болуын көрсететін қадам және Президент сайлауын жалпы халық болып таңдайтын шешуші сәт», - деді сайлау учаскесінің төрағасы Уалихан Бисембаев.  

Өзбекстаннан келген 3 бақылаушы сайлау учаскесінің дайындығы мен дұрыс өтіп жатқандығын көріп, оң бағасын берді. Бұдан бөлек, халықаралық ұйымнан келген америкалық және әзірбайжандық бақылаушылар таңертең маңызды шараның ашылуына қатысып, әнұранды тыңдап, сайлауға ерте келген алғашқы адамдарға сыйлық ұсынып жатқандарына куә болды.

Айта кетейік, Түркістан қаласы бойынша 49 сайлау учаскесі бар. Дауыс берушілердің саны 107 186 адамды құрайды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы