Тіріні қойып, өліге көшті: Қазақстанда қайтыс болған адам атына несие рәсімделген
Қазақстанда қайтыс болған адамдарға шағын несие беру фактілері тіркелуде, деп хабарлайды BAQ.KZ. Бұл туралы Бас прокуратураның үйлестіру кеңесінің отырысында айтылды.
Прокуратура түсіндіріп өткендей, қайтыс болған адамдарға және біздің елде бұрын-соңды болмаған шетелдіктерге биометрия өткізбей-ақ шағын несие беру жағдайларына жол берілген. Олардың атына банктік шот ашылып, көптеген алаяқтық транзакциялар жүзеге асырылған.
Мәселен, Ақтөбе облысында «Кредит 365 Қазақстан» және «Авто Сыйлық» микроқаржы ұйымдары азамат 2023 жылдың шілдесінде қайтыс болса да, оның биометрикасынсыз шағын несие берген, - делінген қадағалау органының хабарламасында.
Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысында Қазақстанда ешқашан болмаған Украина азаматына есепшот ашқан екінші деңгейлі банктің екі қызметкеріне қатысты іс тергелуде. Алаяқтардың құрбандары оның есепшотына жинаған ақшасын аударған. Келтірілген шығын 1 миллион теңгені құраған. Бүгінгі күні қызмет бабын асыра пайдаланған күдікті ретінде банк қызметкерлері анықталды.