Тірек мектеп. Шағын жинақты мектептерге қандай қолдау көрсетіліп жатыр

Елімізде соңғы жылдары білім саласына ерекше назар аударылып жатыр. Себебі білімді жастар – Қазақстанның болашағы. Былтырдан бері «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен өңірлердегі мектептер қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталып, мұғалімдер білім-біліктерін шыңдап келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қор қанша мектепті заманауи құралдармен жабдықтайды? Мұғалімдер біліктіліктерін қалай арттырады? Тірек мектеп деген не? Шағын жинақты мектептерге қандай қолдау көрсетіліп жатыр? Осындай сұрақтардың жауабын Осакаров ауылындағы мектепке ұйымдастырылған баспасөз-туры кезінде іздеп көрдік.

Қарағанды ​​облысы Осакаров ауылында «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында Ә.Бөкейхан атындағы тірек мектептің таныстырылымы өтті.

1932 жылы іргетасы қаланған Осакаров ауылындағы бұл тірек мектеп 2015 жылы үш қабатты жаңа ғимаратқа көшті. Жалпы сыйымдылығы 600 адамға арналған мектепте қазір 769 оқушы білім алып, 86 мұғалім жұмыс істейді. Ол екіауысымды және аралас мектеп.

«Қазақстан халқына» қоры, Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры және Назарбаев Зияткерлік мектептерінің бірлескен жобасы 2023 жылы еліміздің барлық өңірінде 63 мектепті қамтуды жоспарлап отыр.

Жоба аясында мектепке жаңа жиһаз бен техникалар алынды. Атап айтқанда, робототехника, психолог, дефектолог, мектепке дейінгі дайындық, шахмат кабинеттері, тігін мен тамақтану мәдениеті шеберханасы, телестудия, STEM зертханасы, АRT-студиясы, FabLab, кітапхана, спорт жабдықтарымен бірге барлығы 36 кабинет жаңартылды.

Оқушылар бұл кабинеттерде өзі қызыққан бағыт бойынша қосымша сабаққа қатыса алады. Оның барлығы балалар үшін тегін.

Мектеп осы жаңа оқу жылынан бастап қамтылып, сөйтіп жаңа жабдықтармен оқу жылын бастады. Қазіргі күні балаларды қосымша сабақтарға тіркеу жүргізіліп жатыр. Қор шығын материалдарын кемі бір жылға есептеп алған. Кейін ол мектеп бюджетіне енгізіледі.

Бастапқыда жоба мұғалімдердің біліктілігін арттыруға бағытталған. Мұғалімдер түрлі курстарға, семинарларға қатысып біліктілігін жетілдіріп келе жатқаны сөзсіз. Мұғалім НЗМ, Өрлеу немесе басқа да мектептен көріп, оқып келген білімін ауылға келгенде қолдана алуы үшін оған сәйкес зертханалық кабинеттер керек. Сол үшін материалдық база «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасының екінші бөлігі.

Бұл жоба ерекшелігінің бірі – мектептің мұғалімдері НЗМ-ге барып, тәжірибеден өту мүмкіндігінің болуы.

Әр мектепте жоба аясында ұлдарға және қыздарға арналған шеберханалар қажетті құрал-саймандармен жабдықталды.

Еңбек пәнінің мұғалімі Бақыт Қалқаманов осы жаңа оқу жылында кабинет заманауи технологиямен жабдықталғанын атап өтті.

Ағаш кесетін станок, қайрақ, векторды өлшейтін аппарат, сонымен бірге бізде құрастыруға арналған материалдар да бар. Басты құрал – арнайы станок. Бұл оқушыларға ағаштарды қолмен емес, аппаратпен кесуге көмектеседі. Ағашқа алдымен сурет салып алып, оны компьютердегі программа арқылы автоматты түрде кесе аламыз, - деп айтты мұғалім.

Сонымен қатар қыздарды еңбекке тәрбиелейтін мұғалім осы оқу жылында көркем еңбек пәніне қатысатын оқушыларға жақсы жағдай жасалғанын айтты.

Ол атап өткендей, шеберханада қыздар тігін тігіп, тоқымамен айналысып, дәмді тағам пісіріп үйрене алады.

Мектепте журналистика саласына қызыққан оқушылар үшін студия да жұмыс істейді. Студия қажетті құрылғылармен жабдықталған. Бүгінгі күнге дейін студияда екі ролик түсіріліп, мектептің Youtube-тегі арнасына жүктелген. MektepTV арнасынан мектептегі соңғы жаңалықтар мен кабинеттердегі өзгерістер туралы көруге болады.

Білім ордасында робототехника кабинеті де жұмыс істейді. Оқу жылы басталғалы бері осы салаға қызыққан балалар факультатив сабаққа келіп, білімдерін шыңдап жүр.

«Қазақстан халқына» қоры мектепті жабдықтауға 250 млн теңге қаражат бөлді.

Ауылдағы білім беруді қолдау туралы айтылғанда ең алдымен тірек мектептерді көтеруді ойлау керек. Былтыр Білім беру саласын тұрақты дамыту қорымен бірлесіп, 17 өңірде 17 ауылдық тірек мектеп құрдық. НЗМ стандарты бойынша материалдық-техникалық базаны толығымен жаңарттық. Сондай-ақ мектепке талдау жүргізіп, мұғалімдер мен оқу орны әкімшілігінің біліктілігін арттырдық. Серіктестеріміз үш жыл бойы әдістемелік қолдау көрсетеді. Осылайша оқу үдерісіне деген көзқарасты өзгертіп, жаңа білім беру технологияларын енгіздік. Қазір біз 17 облыста тағы 63 тірек мектепті жаңарту жұмыстарын жалғастырып жатырмыз, – деді «Қазақстан халқына» қорының төрағасы Болат Жәмішев.

Сонымен қатар Назарбаев Зияткерлік мектептері арнайы оқыту бағдарламаларын тегін жүргізбек. Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының барлық шығындарын AITAS холдингі өтейді.

Бүгін көріп шыққан мектеп тірек мектебі. Бұл біздің мақтан тұтатын жобамыз. Заңнамада тірек мектебі бар. Бірақ «сен тірек мектеп боласың» деп белгілей салмай, оны жасап, тірек мектепті құру керек. Бүгін серіктестеріміз бірге Қазақстан бойынша 169 аудан орталығына бір мектепті жабдықтамақпыз. Біз тек құрал-жабдықтармен бөліп қана қоймай, сонымен бірге мұғалімдердің білімін арттыру, оларды оқытамыз. Бүгінгі күні балаларымыз ауыл-ауданда болса да, қаладағы ірі, алдыңғы қатардағы мектептерден артта қалып қалмауы үшін осындай жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Бұл тек қана бастамасы. 2022 жылы 17 мектеп жабдықталды, - деді «Қазақстан халқына» қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева.

Оның сөзінше, елімізде 200-ге жуық мектеп тірек болып жасалады.

Тірек мектеп кім үшін жасалып жатыр? Әрине, шағын жинақты мектеп үшін. Шағын жинақты мектепті жасауға ұсынысты ең бірінші болып Ақтөбе облысы ұсынды. Өңірде бүгінгі күні 134 мектеп белгіленді. Оның зерттеулері дайын. Интернеті бар ауылда және интернеті жоқ ауылда шағын жинақты мектептің моделі қандай болатыны бар, - деп айтты Ләззат Шыңғысбаева.

Назарбаев Зияткерлік мектептері базасында педагогикалық ұжым мен мектеп басшылығының біліктілігін арттыру бағдарламасы іске қосылды. Мұғалімдер 5–6 ай бойы оқытудың заманауи әдістері бойынша арнайы курстардан өтеді.

Осакаровтағы мектеп – биыл таныстырылымы өткен 63 мектептің үшіншісі. Осындай қуанышты жаңалықты бөлісуге келген қонақтарға алғысын білдірген Aitas Foundation директоры Ксения Верба «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасының маңызына тоқталып өтті.

Жоба білім сапасын арттыруға, озық педагогикалық тәжірибелер мен әдістемелерді енгізуге және тірек мектептерді қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етуге бағытталған. О баста «Powered by NIS» жобасы Шығыс Қазақстан мен Ақмола облысындағы бірнеше тірек мектепті дамытудан басталып еді. Ал бүгінде оған екі жылда ел бойынша 80 ауыл мектебі қосылды. Енді мыңдаған оқушы мен мұғалімдер жаңа мектеп жабдықтарымен, ортақ әдістемемен қамтылады. Ауыл немесе қала тұрғыны болсын, әрбір бала тұлғалық және кәсіби даму жолында сапалы білім алуға лайық. Солайша ол болашақта еліміздің тұрақты дамуына өз үлесін қосады, – деді Ксения Верба мектеп ұжымына сәттілік тілеп. Қор директорының айтуынша, жоба серіктестері еліміздегі тірек мектептер желісін құру стратегиясын әлі жалғастырады.

Шара кезінде Қарағанды ​​облысының әкімі Ермағамбет Бөлекпаев жиналған көпшілікке құттықтау сөзін арнап, Алаш қайраткері Ә.Бөкейхан атындағы мектептің тек үздіктердің қатарында болатынына сенім білдірді.

Бүгін бұл мектептің де, жалпы ауданның да жаңа тарауы басталды. Білім – табысты болашақ кепілі. Сондықтан да біздің тірек мектебіміз бүкіл өңірге сапалы білім берудің үлгісі болады деп сенеміз. Қолдауларыңыз бен серіктестік үшін алғысымды айтамын, – деді облыс әкімі.

«Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен, сондай-ақ «Қазақстан халқына» қоры, Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры және Назарбаев Зияткерлік мектептерімен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы