“Тіпті күзетші қызметіне де қабылдамайтын болған”. Депутат "регресниктердің" қиын жағдайын айтты
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерболат Сатыбалдин алған жарақаты салдарынан жұмысқа жарамсыз болып қалған "регресниктер" жағдайын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тау қопарып, кен қазған кеншілер, байытушылар мен металлургтер ел байлығын еселейміз деп бейнеттеніп жүріп жазатайым жағдайлардан, ауыр еңбектен денсаулығынан айырылып жатады. Мысалы, Ұлытау облысында адал қызмет істеп, денсаулығына байланысты жұмысынан кеткен 3 500-ден аса адам тіркелген. Әрине, мемлекет тарапынан арнайы қолдау бар. Үкімет оларға мүгедектік тағайындап, жәрдемақы беріп отыр, - деді депутат.
Сатыбалдиннің айтуынша, қазір елімізде Президенттің тапсырмасымен 55 жастан кейінгі арнайы әлеуметтік төлем енгізілді.
Бұл қомақты қолдауды келер жылы 37 мың ауыр және зиянды жағдайда қызмет ететін жұмысшылар көреді. Дегенмен, күрмеулі бір мәселе бар. Ол бүгінде "регресниктер" қатарындағы азаматтарымыздың жағдайы. Алған жарақаттарының салдарынан жұмысқа жарамсыз болып, тіпті күзетші қызметіне де қабылдамайтын фактілер кездескен. Азық-түлік бағасының қымбаттауы, дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтердің де күрт өсуі жарымжан азаматтардың қалтасына ауыртпалық салып отыр. Оған қоса, зейнет жасына шыққан регресниктер барлық төлемнен қағылып жүр, - деді ол.
Осы ретте депутат Үкіметпен бірлесіп, негізгі шараларды қолға алуға шақырды:
- егер жұмыскер денсаулығынан айырылмаған жағдайда алатын табысының өтемақы сомасына пайыздық қатынасын қайта есептеуге мүмкіндік беретін Азаматтық кодекстегі 938, 944 баптарды қайта пысықтау, әрі енгізуді ұсынамын.
- зейнетке шыққан регресниктердің, арнайы төлемақыларын сақтауды қайта қарастыру керек. Өйткені, зейнетке шығу жағдайын, олардың регресниктер қатарынан шығуы деп қабылдамаған дұрыс.
- регресниктерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен жиілігін ұлғайту қажет деп есептеймін.