Тимур Турлов: Әлемдік додаларға қатысып жүрген жастарымыз жетерлік
Алматыда Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында шахматтан Азияның құрлықтық чемпионатының ресми ашылуы өтті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Ашылу салтанатында Қазақстан шахмат федерациясының (ҚШФ) президенті Тимур Турлов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, Азия шахмат федерациясының бас хатшысы Хишам Аль-Тахер құттықтау сөз сөйледі.
Бүгінде қазақстандық шахматшылар әлемдік додаларда жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Олардың жетістігі өскелең ұрпақты интеллектуалды спорт түрлерімен шұғылдануға, алдына зор мақсаттар қойып, оған қол жеткізуге жігерлендіреді. Ұйымдастырылып отырған Азияның құрлықтық чемпионатына жүзден жүйріктер қатысуда. Осы іс-шараға атсалысып, шеберліктерін шыңдауға келгендерге алғысым шексіз. Едімізде бұндай шаралар үнемі ұйымдастырылып, жастарды жігерлендіреді деген сенімдемін. Турнир қатысушыларына жарыстан ұмытылмас әсер алып, жарқын жеңістерге жетуді тілеймін,- дейді Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов.
Еске салайық, 2022 жылы Алматыда шахматтың рапид және блиц түрінен әлем чемпионаты ұйымдастырлған еді.
Әлем таныған әсем қаламыз Алматыда осындай іс-шаралардың өтіп жатқаны үлкен мәртебе. Бүгінде шахматтан жүлдегер атанып, әлемдік додалар да бой көрсетіп жүрген жастарымыз жетерлік. Шахматты жүйелі түрде дамытуды жалғастырамыз және Халықаралық шахмат федерациясымен ынтымақтастықта табысты жұмыс істеуге дайынбыз, - дейді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев.
Жарыс күндері төрешілер корпусына арналған ФИДЕ семинарлары, балалар мен барлық әуесқойға арналған бір мезгілде ойын сеанстары мен блицтер, IT саладағы бағдарламашылар үшін жеке турнир өтеді.
Еске сала кетейік, Азия құрлықтық шахмат чемпионаты Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында осы жылдың 3-12 маусым аралығында өтеді.
Турнирді ұйымдастырушылар – Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Азия шахмат федерациясы, Алматы қаласының әкімдігі қолдаған Қазақстан шахмат федерациясы. Турнирдің бас серіктесі – Freedom Holding Corp.