Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлеме неге төмендетілгенін түсіндірді

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлеме не себепті төмендетілгенін түсіндіріп берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 14,75% дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Шешім нақты деректер мен жаңартылған болжамдарды ескере отырып қабылданды. Макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамдарын жаңартумен қатар инфляция тәуекелдерінің бағалауы да түзетілді. Жылдық инфляция баяулап жатыр. Дегенмен оның баяулау қарқыны төмендеді. Бұл біздің болжамымызға сәйкес, халықтың инфляциялық күтулерінің 3 ай қатарынан төмендеуі біз үшін оң сигнал, - деді банк басшысы брифингте.

Оның сөзінше, алайда инфляцияның орнықты бөлігінің көрсеткіштері жеделдеп келеді. Бұл баға тұрақтылығын қамтамасыз ету шараларын жалғастыруды талап етеді.

Экономикада проинфляциялық факторлар сақталып отыр. Олардың ішінде тұтынушылық сұраныс, фискалдық ынталандыру және жоғары инфляциялық күтулер бар. Сыртқы ортада жаһандық инфляцияның баяулауы байқалып отыр. Оған елдердің монетарлық саясаты және энергия мен азық-түлік бағасының төмендеуі ықпал етіп отыр. Кейбір өңірлердегі логистика мәселелері және Ресей мен Қытайдағы инфляцияның жеделдеуі алаңдатып отыр, - деп айтты Сүлейменов.

Бұған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,75%-ға дейін түсіргенін хабарладық.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы