Тимур Құлыбаев 100% көрсеткішпен президент болып сайланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Ұлттық олимпиадалық комитеттің бас Ассамблеясы өтті. Оған ҚР премьер-министрі Асқар Мамин қатысты.
Үкімет басшысы Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаевты тағы 4 жылға сайлауға ұсыныс жасады.
«Құрметті әріптестер! Бүгінгі отырыста біз Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитетінің президентін сайлауымыз керек. Айтайын дегенім, шайбалы хоккей федерациясының атынан Тимур Құлыбаевты ұсындық. Мен ҰОК басшысының сайлануы біздің Олимпиадалық комитеттің, олимпиадалық спорттың және тұтастай алғанда елдегі бұқаралық спорттың одан әрі дамуындағы маңызды қадам деп санаймын. Бұл біз үшін дұрыс және жауапты таңдау болатындығына сенімдімін», - деді Асқар Мамин.
Осыдан кейін Ұлттық Олимпиада комитетіне құрамына кіретін 34 федерацияның өкілі жасырын түрде дауыс беріп, 100 % көрсеткішпен Тимур Құлыбаевты тағы 4 жылға сайлады.
Айта кетейік, Тимур Құлыбаев ең алғаш 2015 жылы сайланған болатын. Оның алдында Ұлттық Олимпиада комитетін Темірхан Досмұхамбетов, Аманша Ақпаев, Тимур Досымбетовтер басқарған.