Times Higher Education рейтингінде отандық университеттер көшбасшылығын нығайтты

Қазақстан Times Higher Education World University Rankings 2026 әлемдік рейтингінде Орталық Азия мен Кавказ елдерінің арасында университеттер саны бойынша 1-орынға шықты. Тізімге еліміздің 5 жоғары оқу орны енді, ал Назарбаев Университеті алғаш рет жаһандық топ-500 қатарына кірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Рейтинг деректеріне сәйкес, Nazarbayev University 401-500 орындар аралығына көтеріліп, қазақстандық жоғары оқу орындарының тарихындағы ең жоғары нәтиже көрсетті. 

Екінші маңызды жетістік – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1201-1500 диапазонындағы позициясын сақтауында. 

Сондай-ақ тізімге Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Satbayev University және Қазақ аграрлық-зерттеу университеті енді.

Орталық Азия мен Кавказ елдері бойынша биыл рейтингке 5 елден 17 университет кіріп, бұл рекордтық көрсеткіш болды. Солардың ішінде Қазақстан ең көп оқу орнымен ұсынылған елге айналды.

Салыстырмалы түрде, Өзбекстаннан биыл рейтингке 4 университет енген, оның ішінде алғаш рет Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру институты топ-600 қатарына кірді. 

Әзербайжан оқу орындарының санын екі есеге – төртке дейін арттырса, Грузия үш жоғары оқу орнымен ұсынылған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы