Тілегенов әуе билеттерінің бағасын төмендету бойынша қандай шаралар атқарылғанын айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Азаматтық авиация комитеті халықаралық қарым-қатынас басқармасының жетекшісі Тимур Тілегенов әуе билеттерінің бағасын төмендету бойынша қандай шаралар атқарылып жатқанын айтып берді.
Билеттердің құнын төмендету үшін министрлік «ашық аспан» режимін енгізу, Түркістан әуежайын ашу, сондай-ақ 2019 жылы отандық төмен бюджеттік «Fly Arystan» әуекомпаниясын іске қосу сияқты бірқатар шараларды қабылдап жатыр. Бұл әуе көлігіндегі бәсекелестікті арттыруға ықпал етеді, нәтижесінде әуе билеттері тарифтерінің төмендеуіне әкеледі. Іске қосылған сәттен бастап әуекомпания шамамен 3,3 млн билет сатты. Оның ішінде ең төменгі тариф бойынша 50% жеңілдікпен 3 млн жолаушы тасымалданды. «Fly Arystan» әуекомпаниясының тарифтері бір бағытқа қарай 4999 теңгеден басталады, - деді Тілегенов.
Ол атағандай, 2020 жылы Түркістан қаласының жаңа әуежайы іске қосылды.
Қазіргі уақытта Түркістаннан аптасына Нұр-Сұлтан (7), Алматы (4), Атырау (2) қалаларына 13 рейс орындалып жатыр. Сондай-ақ Стамбұлға аптасына 2 рет халықаралық рейс жасалады және оы мамырдың екінші жартысынан бастап аптасына 4 рет ұлғайту жоспарлануда. Сонымен қатар Бішкек пен Ташкентке тұрақты рейстер ашу жоспарлануда, - деді Тимур Тілегенов.
Ол атағандай, 2019 жылғы 1 қарашадан бастап «ашық аспан» режимін Қазақстанның 11 әуежайы билет құнын төмендетуге бағытталған.
Бұл режим рейстер саны бойынша барлық шектеуді алып тастауды және шетелдік әуекомпанияларға «ауа еркіндігінің» бесінші дәрежесін беруді көздейді. Түркістан қаласының жаңа әуежайында да осы режим енгізілді. Қазақстанда «ашық аспан» режимін енгізу жаңа шетелдік тасымалдаушыларды тартуға, халықаралық бағыттарды ашуға, әуе билеттерінің құнын төмендетуге, туризмді дамытуға және АХҚО-ның көліктік қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді деп жоспарланды. Алайда COVID-19 және халықаралық ұшуларды орындауға енгізілген шектеулерге байланысты осы жобаны биыл толық көлемде іске асыру қиын болды, - дейді Тілегенов.
Оның айтуынша, жұмыс аясында министрлік 20-дан астам елмен (Катар, БАӘ, Оман, Кувейт, Бахрейн, Иордания, Малайзия, Австрия) келіссөздер жүргізді.
Қорытынды бойынша Qatar Airways, Israir, Air Asia, Salam Air, Jazeera Airways, Blue Air, Turkish Airlines шетелдік әуекомпаниялардың жаңа халықаралық бағыттарын ашуы күтілді. Алайда коронавирус инфекциясының таралуы бойынша қазіргі жағдайға байланысты бұл рейстердің ашылуы белгісіз мерзімге кейінге қалдырылды,- деді ол.
Тілегенов қазіргі уақытта ішкі рейстердің орындалуы қалпына келтірілгенін айтты.
2021 жылғы 5 мамырдағы жағдай бойынша халықаралық бағыттар бойынша тұрақты рейстер аптасына 117 рейс жиілігімен 40 бағыт бойынша 13 елде орындалады, бұл пандемияға дейінгі халықаралық рейстердің тек 26,4% құрайды. Ішкі рейстерді қысқарту, сондай - ақ халықаралық әуерейстерді тоқтата тұру және қайта бастау туралы шешімдерді Қазақстан Республикасының аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға және Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынымдарына байланысты қабылдайтынын атап өту қажет. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында отандық әуекомпаниялар ішкі маршруттар бойынша эконом-класты билеттің орташа құнын орта есеппен 13,6% - ға төмендетті, - деп түйіндеді ол.