Тілеуберді Еуропалық одақтың өкілімен кездесті
Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Жозеф Боррелл Қазақстанға ресми сапармен келді, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Жозеп Борреллдің қатысуымен Ақордада баспасөз конференциясы өтіп жатыр.
Мен Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі – Еуропалық Комиссияның Вице-президенті Жозеп Борреллды қонақжай Қазақстан жерінде қарсы алуға өте қуаныштымын. Сапар маңызды оқиға – 20 қарашадағы Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы қарсаңында өтуде. Елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді тұрақты түрде қолдап, Әділетті Қазақстанды құру жөніндегі күш-жігерімізге қатысты еуропалық серіктестердің оң пікірлері үшін Еуропалық Одаққа алғыс айтамыз, - деді Мұхтар Тілеуберді.
ҚР Сыртқы істер министрінің айтуынша, келесі жылы Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы дипломатиялық байланысқа 30 жыл толады.
Біз сенімге, өзара сыйластыққа және ортақ басымдықтарға негізделген берік қарым-қатынастарымызды жоғары бағалаймыз, және өзара іс-қимылдың 29 саласын қамтитын Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді тиімді іске асыруға мүдделіміз, - деді Сыртқы істер министрі.