Тіл – көптеген мемлекет үшін өзекті мәселенің бірі – Тоқаев
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясындағы сөзі басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жер жүзінде бәрімізді алаңдатын түрлі оқиғалар болып жатыр. Біртұтас ұлт ретінде дәл осы кезде біздің мақсатымыз да, ниетіміз де бір болуға тиіс. Қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе, азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, я болмаса кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды.Тіл – көптеген мемлекет үшін өзекті мәселенің бірі. Осы мәселенің дұрыс шешілуі кез келген елдегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына едәуір ықпал ететінін тарихтың өзі көрсетіп отыр.Қазақстанда да солай. Біз осы аса шетін мәселеге келгенде сыртқы-ішкі факторларды ескере отырып, стратегиялық ұстамдылық және толеранттық танытуымыз қажет. Бірақ бұл біздің мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуға баса назар аударатынымызды жоққа шығармайды, -- деді Тоқаев.
Президент қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімді екенін жеткізді.
Біз біртіндеп осыған келе жатырмыз. Мемлекет олардың түрлі жетістіктеріне, соның ішінде саяси сипаттағы табыстарына да назар аударады және оларды барынша қолдайды. Бүгін осындай бірқатар азаматқа марапат тапсырылады, - деді Тоқаев.
Сондай-ақ ол билік елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті шара қолданатынын айтты.
Кім айтса да, мұндай бағыттағы түрлі қитұрқылық пен пәлеқорлықты қоғам қатаң сынға алады, құқық қорғау органдары да соған сәйкес әрекет жасайды. Қоғамда алауыздық тудыратын кез келген әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет. Азаматтарымыздың бізге қатысы жоқ ақпарат майданына араласып, өшпенділікті насихаттауы еліміздегі тұрақтылыққа және қоғамдық келісімге зор қатер төндіреді. Әрқайсымыз азаматтардың құқығы тең және еркін болуын қамтамасыз ететін Ата Заңымыздың әрбір сөзін бұлжытпай ұстануымыз қажет. Заң мен тәртіптің әрдайым және барлық жерде сақталуы, заң үстемдігінің сөзбен де, іспен де орнығуы маңызды. Біздің міндетіміз – қоғамда өзара құрмет пен сенімді нығайта түсу. Сондай-ақ діни, аймақтық немесе әлеуметтік-экономикалық алшақтықты болдырмау үшін баршаға ортақ жаңа қағидаттар мен ұстанымдар ойластыру. Ассамблеяның осы күрделі мәселеге байланысты атқарып жатқан қызметі айрықша маңызды, - деді Тоқаев.