Бүгiн 2026, 14:30 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Тікұшақ, қымбат көліктер: Жаңаөзендегі соңғы қоңырауға қатысты полиция тексеру жүргізіп жатыр

Сән-салтанатпен өткен мектеп бітіру кешіне қатысты материалдар құқық қорғау органдарына жолдануы мүмкін.

Жаңаөзенде мектеп түлектерінің соңғы қоңырауды ерекше сән-салтанатпен өткізгені туралы желіде қызу талқыға түсті. Тікұшақ, қымбат көліктер мен кортеждер қатысқан видео жарияланғаннан кейін бұл жағдайға құқық қорғау органдары да назар аударған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бұл туралы Сенат кулуарында өткен брифингте Оқу-ағарту вице-министрі Майра Мелдебекова мәлімдеді.

Вице-министрдің айтуынша, қазір Оқу-ағарту министрлігі өңірлерде мектеп бітіру кештеріне байланысты бақылау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Дегенмен әзірге нақты заңбұзушылық тіркелмеген. Сонымен қатар жергілікті әкімдіктер де өз деңгейінде тексеру мен мониторинг ұйымдастыруда.

Әр өңір бұл жұмысқа тартылған. Өңірлік ішкі істер департаменттерімен бірлесіп жұмыс жүргізіліп жатыр, – деп нақтылады Майра Мелдебекова.

Министрлік әлеуметтік желілерде жарияланып жатқан видеоларды да тұрақты бақылап отырғанын алға тартты. Вице-министр Жаңаөзендегі түлектердің сән-салтанатты шарасы да дәл осы жарияланған видеолар арқылы белгілі болғанын айтты.

Қазір білім басқармасы мектеп бітірушілердің ата-аналарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Әлеуметтік желіде жарияланып жатқан дүниелердің бәрін біз де көріп отырмыз. Ондай жағдайлар анықталса, бірден хабар береміз немесе жергілікті атқарушы органдардан ақпарат алып, тиісті шара қабылдаймыз, – дейді вице-министр.

Сондай-ақ мектеп бітіру кештерін өткізу тәртібін бұзғандарға қатысты айыппұл бірден салынбайды деп отыр. Алдымен жағдай жан-жақты зерттеледі.

Бұл іске Ішкі істер министрлігі де араласуы керек. Сондықтан мәселе толық зерттеледі. Қазір жергілікті атқарушы органдар әзірге қорытындысын ұсынған жоқ. Тергеу нәтижесі белгілі болған соң материалдар құқық қорғау органдарына жолданады, - дейді ведомство өкілі.