Тікұшақ экипаждары күрделі пилотаж дағдыларын игерді

Әуе қорғанысы күштері армиялық авиация ұшқыштары жиындық іс-шаралары шеңберінде Ми-35М және Ми-17, Ми-171Ш, Eurocopter EC145 әскери-көліктік тікұшақтарымен оқу-жаттығу ұшуларын орындады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ұшу тапсырмаларын орындау барысында экипаждар қарапайым және күрделі ұшуды басқару, ұшу, қону, шартты қарсыластың объектілерін барлау бағдары бойынша ұшу, десант түсіретін ауданға кіру және ауада тұру элементтерін пысықтады.

Ұшқыштар жауынгерлік жұп құрамында таулы шатқалдардан өту, шыңдар мен жартас учаскелерін айналып өту, тікұшақтарды теңіз деңгейінен 3 мың метр биіктікте орналасқан алаңдарға қондыруды басқару дағдыларын жетілдірді.

Ұшу тапсырмасын орындаудың күрделілігі белгіленген аралық пен қашықтықта жауынгерлік тәртіпті сақтау болып табылады. Бұрын мұндай жаттығуларды орындамаған жас ұшқыштар ұшақ режимін жүргізуші ретінде ұстап, сонымен бірге бортты маневрлеудің тегістігін бақылауы қажет, – деп атап өтті авиациялық базаның аға штурманы подполковник Мансур Нұржанов.

Инженерлік-техникалық құрам тікұшақтарды ұшуға және авиациялық техникаға май құюға дайындау жөніндегі міндеттерді, ал жерүсті қызметтерінің мамандары тұрақты радиобайланысты қолдау, авиацияның берілген маршруттарда ұшуын радиолокациялық бақылау, сондай-ақ ұшу-қону жолағын дайындау жөніндегі кешенді міндеттерді орындады.

Бұдан бөлек, таулы жерлерде авиацияны барынша тиімді пайдалануға және тасымалданатын зениттік-зымырандық кешендермен жарақтандырылған қарулы құралымдарға қарсы іс-қимыл жасауға мүмкіндік беретін өте төмен биіктікте ұшулар да пысықталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы